Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сыртқы саясаты нені талап ететіндігін айтты | arainews.kz

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сыртқы саясаты нені талап ететіндігін айтты

158

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет. Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр. Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады. Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылғанын, Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келе жатқанын баса айтты. «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін бергенін атап өтті.

«Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз — Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз»,-  деді ҚР Президенті.

Елбасы ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келе жатқанын айтты.

«Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді. Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды. Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді», — деді Мемлекет басшысы.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.