Президент Жоғарғы сот туралы: Баяғы судьялар әлі отыр | arainews.kz

Президент Жоғарғы сот туралы: Баяғы судьялар әлі отыр

196

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық сот жүйесін сапалы түрде жаңартуды тапсырды.

«Сот жүйесіндегі мамандарды сапалы түрде жаңарту қажет. Осыны ылғи айтамыз. Судья қызметіне мықты заңгерлер келуге тырысуы қажет. Бірақ ондай үрдіс байқалмайды. Тәуелсіздігімізге 27 жыл болды. Баяғы судьялар отыр. Мен оларды жаман деп айта алмаймын. Бірақ өздеріне жүктелген мәселелерді шеше алмай жатыр», — деді Н.Назарбаев  Жолдауды жариялау барысында.

Елбасының айтуынша, халық әлі күнге дейін Президентке хат жазып, өз мәселелерін шешуді сұрайды. Демек, олардың проблемасы сотта шешілмейді. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде судья қызметіне құжат тапсырып жатқан заңгерлердің саны көбейіп келеді. Алайда  заңгерлердің деңгейі төмен.

«Мәселен, екі конкурс өтті. Сонда 140 адамнан 5-ақ адам судья қызметіне ұсынылды», — деді Ж.Асанов. Мемлекет басшысы Жоғарғы сот кеңесіне де ескерту жасады.

«Талғат (Донақов — кеңес басшысы), мен сені ол жерге не үшін қойдым. Судьяның «ставкасын» білу үшін емес. Ауданда бір «такса», облыстық сотта бір «такса». Жоғарғы сот кеңесі мықты мамандарды іріктеуі тиіс. Мен тағы айтамын, бір жердегі мәселе шешілмей жатса, басшыны ауыстыру қажет. Темірдей тәртіп болуы шарт. Ашығын айтайын, жаңадан қойған адамдарды бірден ауыстырғым келмейді. Бірақ қажет болса, солай істеуге тура келеді», — деп атап көрсетті Н. Назарбаев.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары біраз шаралар атқарылды. Алайда басты талап — халықтың соттарға деген сеніміне жете алмай жатырмыз. Заң үстемдігі болмаса, қазіргі реформаларды іске асыру мүмкін емес. Осы орайда Мемлекет басшысы заманауи технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды.

«Бізде жыл сайын 4 миллион адам сот дауларына қатысады. Оған қаншама күш-жігер мен ақша жұмсалады. Сондықтан артық процедураларды қысқарту қажет. Әйтпесе, оған уақыт та, ақша да көп кетеді. Мәселен, бұрын сотқа келуге міндеттеді. Қазір үйде отырып, ғаламтор арқылы сот отырысына қатысуға болады», — деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, алдағы уақытта полицейлердің жалақысы көтеріледі.   Бұдан бөлек, құқық қорғаушыларды даярлау 5 жылдан 6 айға қысқаруы мүмкін.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.