Күзгі лирика | arainews.kz

Күзгі лирика

443

Әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі, сәні мен салтанаты болады. Талай дарындылардың жырына жарқыл, әніне әуез, суретіне сұлулық сыйлап, тұмса табиғатта тартымдылығымен дараланып тұратын күздің жөні тіптен бөлек. Маңайға ерекше өң берген көрікті кезеңде ақындардың арқаланып, шабыт шақыруы заңдылық. Күз – сұлулық, күз – өлең. Осы орайда, оқырман назарына күз келбетін өлеңмен өрнектеген жас ақындардың шығармаларын ұсындық.

РЕДАКЦИЯДАН

 

Елдар БОРАНБЕК,
жас ақын

Жапырақтай жүректі үзіп қойған шақ

Бұл мезгілдің дауылы да ән шығар,
Тек жүректі құс қанаты қамшылар…
Жаз-жігіттің анасындай күрең күз,
Жаулығынан құлап түскен тамшылар.

Ерке боран ой мен қырға ойран сап,
Жапырақтай жүректі үзіп қойған шақ.
Жаз да кетті көктемге еріп, алысқа,
Күз-Ананы жалғыз тастап, қайран сәт…

Сезілмейді бақта сазы әншінің,
Білінбейді байырғы бар бал шырын.
Садақасы боп тұрғандай қоңыр күз,
Үзілгелі тұрған үміт-тамшының.

 

Жұматай КӨКСУБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курс студенті

Ай бетінен ағып келген сәуле көп

Уақыт жанын жалаңаштап жас қыздың,
Жастығындай өте шықты жаз күздің.
Ағаштарды аралайды қоңыр жел,
Бастарынан пана таппай тас, құздың.

Құлап жатыр жапырақтар бақтағы,
Ол мезгілдің жерге жазған хаттары.
Дәурені өтіп кеткендей бұл дүние,
Әлденені, әлдекімді жоқтады.

Ай бетінен ағып келген сәуле көп,
Аймалайды ағаштарды әуре боп.
Сағымды да сағыныш қып жаратқан,
Тәңіріме таңғаламын тәубе деп.

Қаздың үні – қайталанбас күз әні,
Қанатымен қалың мұңды сызады.
Күзгі бақты көлеңкеге тапсырып,
Біздің жақтың сұлулары ұзады.

 

Жанар МҰХТАРҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курс студенті

Мезгіл

Жаз ойлаған қыс қамы жақын келіп,
Қара талдар қараған қасын керіп.
Қарбаласқан қашаннан зор еңбектің,
Шаруалар жемісін жатыр көріп.

Кешегіден бүгінде Ай қысқарған,
Қанаттылар сыңсуын айтып салған.
Көлеңкені көшеден жүргізбейтін,
Шаңқай түстің екпіні қайтып қалған.

Жиын-терін біткені айналаның,
Білдіреді мезгілді сайлағанын.
Күннің райы не болмақ деген сынды,
Атам көкке шолуда ой-жанарын.

Көкелерім көп жайды саралап ап,
Қора-жайын қамдайды, қадағалап.
Күз дегенің – жарысып құстарменен,
Сабағына асыққан балаға бақ.

Қам-қарекет бітпейтін кешінде де,
Туған жердің ақ таңы есіңде ме?
Қоңыр тірлік қиялға ерік берген,
Алтын күздің ауылы осы іргеде.

Келбетінен мезгілдің жылу көрем,
Жаңбырында шаттанып тұру деген…
Мәре-сәре тіршілік осы екен ғой,
Осы екен ғой күз, шіркін, сұлу деген.

 

 

Жәнібек ТҰРҒЫНБЕК, ақын

Күз және сіз

Махаббатым ерекше күзге менің.
Күзде келер күткенім, іздегенім.
Күзден дәйім күтетін ғажабым көп,
Бірақ соның асылы сіз дер едім.

Күз келеді содан соң сіз келесіз.
Түк сезбестен, жолымнан із көрерсіз.
Көктем құсап айналған ерке елесім,
Ал, күз қалай болады, сізге, менсіз?!

Күзде жауын жауады күркіреп күн.
Сол жауынға малынып жүріп өттім.
Қызға ғашық жан едім, күзде келер,
Күзге ғашық етті ғой, құдіреттім!

Кілем болып төселіп жапырақтар,
Сары алтынға көмілді атырап бар!
Жаным сүйген бұл күздің тамашасын,
Жасырады бір күні ақымақ қар.

 

Берекет ҚОСБЕРГЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті

Ертең-ақ қуантады тағдыр әлі

Күзгі жаңбыр…
Көркем етіп тұрғандай күзді жаңбыр.
Табиғаттың жанарын жас жуғандай,
Көңілін түсіреді ізгі жанның.

Дала мұңды…
Кеземін шабыт дейтін аралымды.
Қалың ойға бір сүңгіп аламын да,
Құшағыма басамын қарағымды.

Жаңбыр әні…
Салқыннан дала даусы қарлығады.
Дәл бүгін мұңды етіп қойғанымен,
Ертең-ақ қуантады тағдыр әлі.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.