Өзгенің бақытын аялау үшін өзінің уақытын аямайтын мұғалім мамандығының жауапкершілігі қаншалықты зор болса, берері де соншалықты мол. Мұғалім басқаларды тәрбиелеп оқыта отырып, өзінің де парасат-пайымын толықтырады. Бұл сөзіміздің дәлелін ата-әжеден бастап немерелеріне дейін осы салада еңбек етіп келе жатқан Әбутәліповтердің әулетінен көрдік. Абақ Әбутәліпов есімді азаматты бүкіл құландықтар таниды. Оны аудан жұртшылығына танымал еткен өзінің ұстаздық жолы мен тәрбиесінен шыққан балалары, шәкірттері.
Алғаш еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ол Қызылшаруа ауылының орта мектебінде 30 жыл директорлық қызмет етіп, ұстаздықтың ұлағатты жолын көрсеткен. Тағдыр қосқан жары Ұлдаркүл Түкбасова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауыл балаларын оқытып, талай үлгілі шәкірттерімен еңбегі еселенді. Мұғалімдік еңбектерімен қатар, отбасыларында 10 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардың төртеуі бүгінде жұбайларымен, балаларымен осы салада еңбек етуде.
Нақтырақ айтсақ, тұңғышы Сәуле қазір ардагер-ұстаз. Оның қызы Гүлнұр мен ұлы Ерболат жас ұрпақты тәрбиелеп, оқыту ісіне елеулі үлес қосуда. Кішісі Нұрдәулет тарих пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, бүгінде аудандық мәдениет бөлімін басқарып келеді.
Ал, үлкен ұлы Бейбіт 25 жасында мектеп директоры болып осы қызметті 10 жыл абыроймен атқарды. Жары Тұрсынгүл де тарих пәнінің мұғалімі. Ұл-қызы Дархан мен Бэлла да осы мамандықты таңдаған. Бір қызығы, келіні Назира мен күйеубаласы Ғани да мектепте бала оқытады.
Әулеттің тағы бір ұлы Ербол да тарихшы. Мұғалімдіктен бастап мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Оның да жары Әтира осы мәртебелі мамандықтың тізгінін ұстап, бүгінде Т.Рысқұлов атындағы №33 орта мектепте шәкірт тәрбиелеуде. Ұлдары Асқар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы. Мәди аудандық жастар ресурстық орталығында өскелең буынның тәрбиесіне үлес қосып жүр.
Он баланың ең кішісі Жұлдыз Алматы техника университетінде дәріс беріп, болашақ мамандарды дайындауда. Оның қол ұстасып, бірге шаңырақ көтерген жолдасы Рүстем де мектепте мұғалім.
Ұстаздардың ұстаханасы іспетті Әбутәліповтер әулетінен өзге мамандар да шықты. Мәселен, Ерлік пен Дінмұхаммед жеке кәсіпкер, Ержан мен Елдос шаруа қожалық ашып, мал өсірумен айналысады. Ал, Зәуресі экономист, Дариғасы терапевт -дәрігер.
Ұлдың үлкені болғандықтан ба, әке жүрегі Бейбітіне кішкентайынан жауапкершілікті сезіндіріп өсіріпті. Өз ауылдарындағы мектеп 9 жылдық болғандықтан, көршілес Қорағаты ауылының интернатында жатып білімін жалғастырған баласының оқуын қатты қадағалағаны бала күнгі күнделігіндегі жазбаларынан байқалады. «3/ХІІ-73 ж. …Жел… Ызғырық. Кешкі суық. Сағат 6.13. Ойлаймын. Күнделігімдегі «2»-ні көрсем жүрегім дүрсілдеп кетеді. Әке, сізден ұят болды. Үйден «оқимын» деп кетіп едім. Әке, кешірші. Қателік жасадым. Келесі жолы бұл 2-ні 5-пен жоямын…» деп жазыпты күнделіктің бір бетіне.
Ержетіп, мектепті тәмамдап, Алматыдағы С.М.Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген ұлына әкесі жазған хатында «Балам, «Білім – арзан, білу – қымбат» дейді халық даналығы. Келесі жолғы хатыңда осы мақалдың мәнісін талдап жазып жібер» депті. Бұдан баласы қай қырда жүрсе де, әр қадамына айрықша көңіл аударған әке жүрегінің лүпілін аңғардық. Сол ұлы небәрі 42 жыл өмір сүрсе де білім арқылы, ұстаздық еңбегімен артына жақсы атын, өшпес ізін қалдырды.
Бейбіт ағай жайлы айтылар әңгіме бөлек…
Қарапайымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Осы қасиетті біз оқушы кезімізде мектеп директоры болған Бейбіт ағайдан көретінбіз. Ол үлкен ұжымды басқарып отырса да іс-әрекетімен, тіпті, киіну үлгісімен қарапайым болмысын байқататын. Дәл осы қасиетін бірқатар әріптестері де басылым беттеріне жазып, еске алатын. Саналы ғұмырында салмақты іс атқарып, ел-жұртының есінде елеулі есімін қалдырған ұстаздың өнегесін, қамқорлығын көрген әріптесі Роза Мәмбетиярова «Ұстаздардың ұстазы» атты өлеңімен естелік жазды.
Бүгінде Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында жұмыс істейтін қызы Бэлланың да сағынышы шексіз.
–Халықтың «Әкең өлгенімен әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген нақылының мәнісін енді шын ұғынып жүрмін. Әкемнің мәңгілік сапарға аттанғанына 18 жыл болды. Мектепте бірге оқыған достары Сатыбалды Салыбаев, Қазбек Сағындықов және Жандарбек ағалар әлі күнге бізді «Балам» деп, әкеміздей қамқорлықтарын аямайды. Әкемнің оқушысы болған кісілер де көрген жерде ұстазына деген ризашылықтарын айтып, көңілімді өсіріп тастайды. Ол кісінің өмірден өтсе де шәкірттері ұмытпай, рахметін айтып жүргендеріне қарап, ұстаздықтың қадірлі іс екеніне көзім жетті. Әкем мектеп директоры болған тұста 6-сыныпта тәртібі қиындау бала оқыпты. Одан әбден ығыр болған мұғалімдер іс-әрекетіне қарағанда психикалық ауытқушылығы бар секілді деп, арнайы мектепке ауыстыруды өтінеді. Бірақ, әкем баланың ертеңгі тағдырын ойлап, «Өзінің өскен ауылындағы мектептен шығарып, үйренген қатарластарынан бөліп, арнаулы мектепке жіберсек, бала өзін кемсіткендей сезініп, одан ары ерегесіп кетуі мүмкін. Ешқайда да шығармаймыз, осында оқиды» деп шорт кесіпті. Сол жиыннан кейін 8 наурыз мерекесі келеді де, жаңағы бала директордың кабинетіне кіріп, «Ағай, мерекеңізбен! Сіз болмағанда мен бұл мектептен қуылатын едім, сізге рахмет!» деп гүл сыйлапты. Баланы мадақтап, әдемі сөздермен шығарып салған әкем үйге келіп: «Мені қыз-келіншектер мерекесімен құттықтап, гүл сыйлады» деп бәрімізді күлдіргені бар. Кішкентай баланың мектептен шығарылмай, мұғалімдерінің сенім артқанын ұғынғанына риза болып еді, – деп Бэлла естен кетпес сәттерден сыр шертті.
Осы қызы дүниеге келгенде әлі де студент әке өзі ерекше құрметтейтін ұстазының есімін берген екен. Университетте физика-математика пәндерінен дәріс берген ғалым Бэлла Ахметованың сауаттылығына, шәкірттер алдындағы ұстамдылығына, мәдениеттілігіне тәнті болып, қызын соған ұқсасын деп ниет етсе керек.
Ұстаз деген ұлағатты есімнің иығындағы жауапкершілік жүгі мен төрден алар орынын бір шумақпен жеткізген ақын Ғафу Қайырбековтың:
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы» деген өлең жолдарын жоғарыда әңгімеленген мұғалімдер әулетінен тапқандай болдық. Ұстаз-әкенің өз балаларына нұсқаған бағыты, сенімді ақтауға барын салған баланың әрекеті… Шәкірттеріне ауызша айтқан үлгіні ісімен көрсете білген, болмыс-бітімін адалдықпен әрлеп, қарапайымдылықпен көркемдеген мұғалім бейнесі… Осының бәрі жүректің батырлығын, адамның асылдығын айшықтайды. Міне, мұғалім мамандығының машақаты көп болса да, адамзат баласына берер құндылығы осында.
Қамар Қарасаева,
Т.Рысқұлов ауданы