«Биномның» бригадирі Нұрмахан | arainews.kz

«Биномның» бригадирі Нұрмахан

238

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 қарашадағы №698 Жарлығымен қоғамдағы адам еңбегінің беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды тартуға, Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын нығайту шеңберінде қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні болып бекітілген-ді.

Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған Мемлекет басшысы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын көз жетпейтін көкжиектен ойлап таппағанын айтып, «Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақсаусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп! Мұндай еңбек мектебін қанша жыл өтсе де ұмыту мүмкін емес», деген болатын. Елбасының бұл сөзі еңбек адамдарын қанаттандыра түскендей.
Қайсыбір қоғамда да қадірге ие болудың жалғыз жолы еңбек болса, сол мәртебе биігіне жеткен жандар әр ортада бар. Сондай азаматтың бірі – «Бином» ЖШС бригадирі Нұрғали Ермахан. Алғашқы еңбек жолын «ТЗМК» зауытынан бастаған ол соңғы сегіз жыл көлемінде «Бином»-да арматуршы болып қызмет етіп келеді. Аталған серіктестікке қатардағы жұмысшы ретінде қабылданған Нұрғали бүгінде тәжірибесі толыққан бригадир әрі өзінен кейінгі жастарға үлгі көрсетіп жүрген тәлімгер. Оның қол астында 30 адам жұмыс жасаса, олардың нәтижелі іс тындыруына кейіпкеріміз жауапты. Өйткені, «Бәйтерек» және №15 ықшамаудандарындағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан серіктестіктің негізгі жұмысы Н.Ермахан басқаратын бригададан басталады. Үйдің едені, қабырғасы және төбесі ретінде құйылатын бетонның қаңқасын арматуршылар тобы құрып береді. Сол арқылы бетоншылар еден, қабырға секілді үй бөлшектерін цементтен құйып, тиісті орындарға жөнелтіп отырады. Яғни, арматуршылардың құрылыс саласында үлесі айтарлықтай.
– «Еңбек бәрін жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас» деп жалғаса беретін қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері тектен-текке айтылмаса керек-ті. Еңбектің қадірін білген, тынымсыз тер төккен адамның үлкен жетістіктерге жетіп, мәртебесі биіктейтіні жасырын емес. Осы серіктестікте аянбай жұмыс істеу арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, бүгінде еңбекші мамандарын дайындауға да өз үлесімді қосып келемін. Олардың Ресей мен Қытайдан келген станоктарда еркін жұмыс жасауына жағдай жасап, тәжірибеммен де бөлісудемін. Бастысы, еңбектен қашпаса болды. Расында, біздің жұмыс оңай емес. Бірақ, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген адам еліміздің өркендеуіне үлесін қоса алмайды. Сондықтан, әрбір азамат өз ісінің білгір маманы болуы қажет, – дейді бригадир Нұрғали Смайлұлы.
1998 жылдан бері құрылыс саласында өз қолтаңбасын қалдырып үлгерген «Бином» ЖШС-ның бас директоры Серік Олжабаевтың да арматуршыларының бригадирі Нұрғали Ермахан туралы тек жақсы пікір білдіруі оның еңбегін бағалағандығы деп түсіндік. Жалпы, аталмыш серіктестікте еңбекке құлшынып тұрған жастардың көп екендігі көңіл марқайтады. Себебі, болашақтың бағдары саналатын жастардың еңбекте де басты қозғаушы күш екендігі айтпаса да белгілі.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.