Баспана – бақыт шамы | arainews.kz

Баспана – бақыт шамы

Биыл Тараз қаласындағы №15 ықшамауданда 800 пәтер өз иесін табады

573

Бүгінгі таңда көпшілік үшін баспана басты мәселе болып отыр. Әсіресе, қалалық жерлерде үйі болмағандықтан, тапқан табысының біразын пәтерақыға төлеп күнелтіп жүргендер жетерлік. Осы мәселенің оңтайлы шешілуі үшін мемлекет тарапынан батыл бастамалар көтерілуде. Соның бірі осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген «Нұрлы жер» бағдарламасы. Осы бағдарламамен Тараз қаласының №15 ықшамауданынан салынған үйлерден биыл 800 пәтер мен Сабалақов көшесінен 205 жеке тұрғын үй өз иелерін таппақ.

Бағдарлама туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады», деп атап көрсеткен болатын. Міне, осы бағытпен көне шаһардың енді ашылатын жаңа ықшамауданынан бой көтерген көпқабатты 10 үйдің әрқайсысының жалпы көлемі
4 800 шаршы метр. Әр үйде 80 пәтер бар. Ал, оның сапасы жөнінде құрылысын жүргізген «Агроспецстрой» ЖШС-ның атқарушы директоры Нұрлан Серікбаев:
– Бұл үйлердің құрылысына монолитті қолдандық. Сапасы өте жақсы. Біз бұдан да басқа ғимараттарды салып жүрміз, ешқайсысынан кемшілік шыққан жоқ. Егер пайдалану барысында қандай да бір шикілік шықса, 3 жылға дейін өзіміз тегін жөндеп береміз. Қазір құрылысы аяқталды, тек есік алдындағы асфальттарын төсеудеміз, – дейді.
Айта кетейік, бұл үйлердің бағасы да нарықтағыдан төменірек. Пәтерлердің
1 шаршы метрі 116 000 теңге тұрса, 250 коттедждің әр шаршы метрі 120 000 теңгемен бағаланған.
Енді екі айдан соң кілті тапсырылатын осы үйлерден баспана алудың жолдарын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облысымыздағы филиалының директоры Данияр Серік кеңінен түсіндіріп берді.
– Алдымен Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман статусы бар тұлға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашуы керек. Осы жерде ескерте кететін жайт, салымшының және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында соңғы 5 жыл ішінде республикамыздың аумағында тұрғын үйі болмауы керек. Сонымен қатар, «baspana.kz» порталында өтініш бергеннен кейін ашқан шотында таңдаған тұрғын үй құнының 20% мөлшеріндегі алғашқы жарна болуы керек және салымшының төлем қабілеті расталады. Осыдан кейін клиент жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады, – дейді ол.
Мысалы, құны 4,5 миллион теңге бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін банк салымшыларының депозитінде кем дегенде 916 632 теңге (бастапқы жарнаның 20 пайызы) болса жеткілікті. Осыдан кейін банк аталған тұрғын үйді сатып алуға көмектеседі және алғашқы 8 жыл ішінде заем бойынша ай сайынғы төлем 33 418 теңгені құрайды. Кейіннен ол 21 083 теңгеге дейін төмендейтін болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облысымыздағы филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевтың айтуынша, салымшының шотында алатын тұрғын үй құнының 20 пайыз сомасы бар болса, несие 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен беріледі. Несиелеуді 9 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады. Егер банктің салымшысы 19 жылға дейін рәсімдесе, алғашқы 8 жылы 5 пайызбен төленіп, қалған 11 жылы 3,8 пайызға дейін төмендейді. Өтініштер 18 қыркүйектен басталып,
17 қазанға дейін қабылданады.
Салымшыларға пәтер таңдау қолайлы әрі шаршы метрлерді бөлістіру үрдісі ашық және айқын жүруі үшін baspana.kz порталы ашылған. Осы портал арқылы қолжетімді баспанадан үміткер өзіне ұнаған пәтерді таңдап және тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтініш қалдыра алады. Пулдарға банктің барлық клиенттерінің қатысуына мүмкіндігі бар. Алайда, тұрғын үй тек мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай үміткерлерге ғана беріледі. Пулға барынша көп ұпай жинағандар өтеді. Ұпайлардың саны депозитті уақытылы толтыруға және оның ашылу мерзіміне байланысты есептеледі. Соған қарай ұпайды арнайы бағдарлама есептейді. Оған адам факторы әсер етпейді, яғни, баспананың өз иесіне берілу барысы автоматтандырылған және ашық, әділ түрде жүреді. Егер осы жылы баспаналы болуды қаласаңыз, қапы қалмаңыз.

Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.