Еуропаға жорық: «Астана» топтық кезеңді сәтті бастады | arainews.kz

Еуропаға жорық: «Астана» топтық кезеңді сәтті бастады

158

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңі «Астана» командасы үшін сәтті басталды. Кәрі құрлықтағы ең белді турнирлердің бірі саналатын доп додасында жігіттеріміз киевтік «Динамомен» тең ойнап, әлем сарапшыларының таңданысын туғызды.

Еуропа футболында танылып үлгерсе де, «Астана» Украинада дәл осылай доп тебеді деп ешкім күтпегені айқын. Рас, алаң иелері 1-минуттан қақпамызды қыспаққа алып, футболшыларымызды қатты састырды. Тіпті, 11-минутта «Динамо» шабуылшысы Виктор Цыганков есеп ашқанда салымыз суға кете бастағандай болған. Бірақ, жігіттеріміз тез ес жиып, 21-минутта қорғаушы Марин Аничич есепті теңестіріп, бір желпінтіп тастады. Осыдан кейін ойын өрнегі өзгеріп, «астаналықтар» да допқа иелік ете бастағандай көрінген. Бірақ, 45-минут түгесілер тұста қақпашымыз Ненад Эрич өрескел қателікке бой алдырып, қолында тұрған доптан айырылып қалды. Мұндай ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Денис Гармаш алаң иелерін қайта алға шығарды.
Екінші таймда «Астана» жағдайды түзетеріне сеніп, тілеуін тіледік. Алайда, Марин Томасов бірнеше мәрте қақпашымен бетпе-бет келгенімен, жаңылып жатты. Тоқсан минут бойы 2:1 есебін ұстап келген украиндық команданың жеңіске жетуіне санаулы секундтар қалған болатын. Бірақ, біздің жігіттер қайсарлық танытып, қосымша уақытта алаңға шыққан Роман Мұртазаев шеберлігімен көзге түсіп, допты торда тулатты. Қорытынды есеп – 2:2.
Сырт алаңдағы кездесу үшін бұл өте жақсы нәтиже. Ал, бұл топтағы екінші ойында Чехияның «Яблонецін» франциялық «Ренн» 2:1 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайды олжалады. Бірінші турдың қорытындысында «Ренн» көш бастаса, «Астана» мен «Динамо» екінші және үшінші орынды өзара бөлісіп тұр. Алда әлі футболшыларымыз бес ойын өткізеді. Оның алғашқысында отандастарымыз 4 қазан күні өз алаңында Францияның «Ренн» командасын қабылдайды. Егер бұл кездесуде жеңіске жетсек, «Астана» турнир кестесіндегі жағдайын тағы жақсарта түсетіні даусыз.
Жігіттерімізге тек сәттілік жолдас болсын!

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.