Асқар Мырзахметов «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын қабылдады | arainews.kz

Асқар Мырзахметов «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын қабылдады

193

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары Ниязқұловтар отбасын қабылдады. Өңір басшысы өнегелі отбасы мүшелерін  жеңісімен  құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

– Бұл жеңіс тек сіздердің отбасыларыңыз үшін ғана емес, барша жамбылдықтар үшін үлкен қуаныш. Бәрімізге ортақ жеңіс. Баршамыз тілеулес болып отырдық. Шын мәніңде де биыл бесінші рет ұйымдастырылған аталмыш байқаудың жеңімпазы болуға Сіздер әбден лайық болдыңыздар. Қаншама немере, шөбере тәрбиелеп, ата-бабамыздан қалған игі  дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының керемет үлгісін көрсетіп жүрсіздер.  Көп балалы отбасы атанып, ұл-қыздарыңызды жақсы тәрбиелеп,  еліміздің  өркендеуіне, демографиялық дамуына өз үлестеріңізді  қосып келесіздер. Сол үшін де Сіздерге алғыс айтамыз. Аман болыңыздар! – деді Асқар Мырзахметов.

Өз кезегінде  12 бала, 32 немере,  20 шөбере сүйіп отырған отағасы Өмен Ниязқұлов ақсақал мен Баян әжей де өздерін қабылдап, ілтипат білдірген облыс басшысына, сын сәтте қолдау танытқан, жанкүйер болған барша жамбылдықтарға деген ризашылығын білдірді.

– Еліміздің бас қаласы – Астанада өткен республикалық конкурстың марапаттау салтанатынан үлкен әсермен оралдық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Біз мұғалімдер әулетіміз. Өзім қырық жылдай білім саласында, жолдасым отыз жылға жуық мұғалім болып қызмет етті. Ұл-қыздарымыз түрлі салада еңбек етіп жүргенімен, немерелер арасында жолымызды қуып, мұғалімдік қызметті таңдағандары бар. Осындай биіктен көрінгенімізге өте қуаныштымыз. Толқып, тебірендік. Бұл біздің ғана емес, қолдау білдіріп, жанкүйер болған барша жамбылдықтардың, туған-туыс,  жақындарымыздың да мерейі. Тілеулестеріміздің арқасында осындай биіктен көріне алдық, — деді 83 жастағы Өмен ақсақал ағынан жарылып. «Алтын алқа» иегері  Баян әжей де аналық ақ алғысын арнады.

Асқар Исабекұлы мерейлі отбасы атанған Ниязқұловтар әулетін өңірімізде кеңінен насихаттап,  өнегелік келбетін көпке үлгі ету керектігін айтып, естелік суретке түсті.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.