Саяжайлардағы қордаланған мәселелер шешімін табады | arainews.kz

Саяжайлардағы қордаланған мәселелер шешімін табады

210

Тараз қаласындағы Құмшағал мен Шөлдала шағын аудандардағы саяжай-алқаптарында қордаланған мәселе көп. Оны шешу жолдары қандай? Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында жан-жақты қаралды. Басқосуда баяндама жасаған  облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиев аталған шағын аудандардағы қоғамдық-әлеуметтік аxуалдың ауыз толтырып айтарлықтай емес екендігін жеткізді.

Қазіргі таңда  қос алқаптағы xалық саны 14 мыңға жуық. Нақтылай айтсақ, Құмшағал шағын ауданына қарасты 13 саяжай-алқабында 1423 аула болса, онда 4298 адам тұрады. Ал, Шөлдала шағын ауданындағы 16 саяжай-алқапта  2887 аула, 9300 адам тіршілік етуде. Қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асса да, әлі күнге  саяжай-алқаптарда ауыз су, жарық, көгілдір отын, жол және кәріз жүйелерінде шешімін күткен мәселер жетерлік. Тіпті, қоғамдық көлікпен қамту шаралары да көңіл көңшітпейді.

Өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтың тапсырмасымен өткен айда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына байланысты конкурс жарияланғанын айтқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров конкурс қорытындысы қараша айында белгілі болатынын тілге тиек етті. Ол бойынша шағын аудандардың көптеген мәселелері шешімін таппақ. Жиын барысында Асқар Исабекұлы  аталмыш екі алқаптың түйінді түйІткілдеріне назар аударып, конкурстың нәтижесін күтіп отырмай, өзге де жұмыстарды уақыт оздырмай бастау керектігін ескертті. Ол үшін жүйелі жоспар жасауға тиісті тұлғаларға бір жеті уақыт берді.

Жоба нәтижесі шықққаннан кейін облыс әкімі аталған саяжай-алқаптарға өзі барып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдауды жоспарлап отыр.

Жиында бірқатар аудандардағы саяжайлардың мәселелері де айтылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.