Рокси | arainews.kz

Рокси

589

Бүгінде ғалымдар қанша жерден ғылыми жұмыстар жүргізсе де, жер сілкінісінің қашан және қай жерде болуы мүмкіндігін тап басып айта алмауда. Тіпті, бұл тұрғыда жаңа жаһандық технологиялар шығарудың көшбасшысы саналатын жапондардың өзі ұзақ жылдардан бері бас қатырып әлек. Десе де, зілзаланы алдын ала жануарлардың тоғызыншы түйсігі сезіп қоятынын бұрындары естігенмін. Бірақ, күшік кезінен асыраған Рокси есімді итімнің осындай ерекше қасиеті отбасымызды ажалдан аман алып қалады деп ойламаған едім.

2003 жылғы мамыр айының 24-інен 25-іне қараған түні еді. Шамамен сағат үштерге таяп қалған. Аспанда найзағай ойнап, түн тыныштығын бұзып тұр. Үлкен үйдің алдыңғы бөлмесінде Ұлбике әжем екеуміз жатырмыз. Найзағайдың жарқылынан болуы керек, ұйқым шайдай ашылып кеткен. Әжеме айтып сыртқа шықсам, ауа райы жылы болғанымен тау жақтан шыққан найзағайдың жарқылдары үрейіңді қашырады. Қайта бөлмеге кіріп жатқанымыз сол еді, артымыздан Рокси қоса келді. Бұл итті үйдегілердің бәрі жақсы көретін. Сирақтары балет билейтін қыздардың аяғы сынды түп-түзу, құлақтары тікірейіп, жүндері үлпілдеп тұратын. Қанша шәңкілдеп үргенімен, адам баласын тістеген емес. Рокси «фас» десең болды, есік алдына келген қойларды қуып шығатын. Оны ауылдың қойшылары біліп алған, бізге Роксиге айтақтатқызу арқылы малдарын жайылымға дейін жеткізіп алатын. Бұл иттің тағы бір ерекше қасиеті – үйдегілердің бәрін көше басынан күтіп алып, үйге дейін бірге ілесіп келетін. Бұл түні де Рокси бізді таңғалдырды.
Енді ғана көзім ілініп бара жатқаны сол еді, Рокси бөлмеге кіріп, қыңсылай жөнелді. Сыртқы есікті қалай ашып алғаны беймәлім, әйтеуір жамылып жатқан көрпемізді тартқылап маза бермейді. Әжемнің ойында ештеңе жоқ, «Әй, мынау қайтеді-ей» деді де, оны жетектеген күйі сыртқа шығарып жіберді. Есікті іштен іліп қойды. Бірақ, Рокси өзінің қыңсылағанын әлі қояр емес. Біресе есіктің ағашын тісімен жұлқылайды, біресе терезені тырналайды. Сол-ақ екен, гүрс еткен дыбыс шықты да, төңірегіміз шайқала бастады. Басында не болып жатқанын түсінбедік. Екінші рет одан қатты соққы болғанда жер сілкінгенін білдік. Үйдің іші теңселіп кетті. Сөрелерде тұрған ыдыстар құлап, төбедегі жарықшамдар сынып, диван мен орындықтар қозғала бастады. Әжем екеуміз абдырап тұрып қалдық. Осы сәтте есіктің ілмегі ағытылып кетті ме, әлде бір құдірет күштің әсері ме белгісіз, Рокси бөлмеге қайта жүгіріп кіріп, көйлегіміздің етегінен тартқылай бастады. Сол кезде әжем де, мен де ес жиып, далаға қарай ұмтылдық. Үйден біздің аман-есен шыққанымызды байқаған Рокси енді ата-анам мен бауырларым жатқан екінші қабатқа жүгірді. Бір кезде әкем бесікте жатқан інімді қолына көтеріп, анам әпкем мен екі жасар інімді жетектеп шықты.
Көршілердің бәрі далада жүр. Кім не істерін білмейді. Әр 15 минут сайын жер дірілдегенде адамдар дұға оқып, Аллаға жалбарынуда. Көз алдымда жердің қалай толқын болып өткенін көріп, тіпті үрейім ұшты. Осылайша, түні бойы далада жүрдік. Таң қылаң бергенде қорқынышты көріністің куәсі болдық. Қабырғасы жарылып, құлап жатқан үйлер. Қирандылар астында қалып кеткен адамдар. Жақынын іздеп, шырыл қаққан аналар. Жылап жатқан жас балалар. Бәрі-бәрі бейне бір соғыс өрті шарпып өткендей әсер қалдыруда. Қол-аяғым істен шыққандай қимылсыз, тісім-тісіме тимей дірілдеп мен тұрмын. Отбасымды ажалдан аман алып қалған Рокси құйрығын бұлғаңдатып, қасымнан шықпайды.
Кейін әке-шешемнен Роксидің екінші қабатқа көтерілгенде ең бірінші бесікте жатқан інімнің жейдесінен тістеп, сыртқа алып шықпақ болғанын естідім. Сол сәтте төсектен атып тұрған әкем балаға ұмтылып, қалғандарын оятыпты. Ең таңғаларлығы, кішкентай ғана итіміз үйдегілердің бәрі сыртқа толықтай шыққанша барлық бөлмелерді аралап, тыным таппаған. Ал, өзі үйден ең соңғы болып шыққан.
Ертесіне құт­қа­рушы­лар келіп, үйімізге кіргені­мізде астаң-кестеңі шық­қан бөл­ме­лерді көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Егер Рокси дер кезінде келіп ескертпегенде, қалың ұйқыда жатып, осы қирандылардың астында қалар ма едік?
Осы оқиғадан кейін жан-жануарлардың ерекше түйсікке ие екеніне, бір тылсым күштің оларға айрықша қасиет дарытқанына көзім жетті. Күні бүгінге дейін Роксидің күшіктері жанұямыздың қорғаушысы болып келді. Алайда, өткен аптада Роксидің күшігі Рексиді белгісіз біреулер мылтықпен атып кетіп, кәдімгідей қапаландық. Себебі, Рокси мен оның күшіктері отбасымыздың бір мүшесіндей болып кеткен еді.
Біз жанұямызбен ажалдан аман алып қалған Роксиге әрдайым қарыздармыз.

Иә, адам айтса нанғысыз бұл оқиға 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылында болған. Әріптесіміз Назерке Төленнің отбасын Рокси есімді ит құтқарып қалған. Бұл ит зілзаладан кейін де қирандылар астында қалған адамдарды табуға көп көмектескен екен.
«Ит – жеті қазынаның бірі» дейді қазақ даналығы. Бабаларымыз бұл теңеуді бекер айтпаса керек. Себебі, бүгінде төрт аяқты мақұлықтар адам баласының сенімді серігі болып ғана қоймай, ақылдылығымен де талайды таңғалдыруда.

Назерке ТӨЛЕН

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.