Мәңгілік елдің мызғымас мәртебесі | arainews.kz

Мәңгілік елдің мызғымас мәртебесі

246

Кез келген мемлекеттің дербестігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Бұл тұрғыда тәуелсіз Қазақ елінің де абыройы асқақ, беделі биік. 1995 жылы 30 тамызда жалыпыхалықтық референдумның нәтижесінде қабылдаған Ата Заңымыз еркіндік пен теңдікті қамта­ма­сыз ете отырып, кемел келе­шек­ке жол ашты.

Кеше «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары бола білген Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Патриотизм рухымен астасқан шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, жиылғандарға жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Құрметті жамбылдықтар! Қадірменді қауым! Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Осыдан 23 жыл бұрын «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз – әрбір азаматтың конституциялық құқығын танытатын құжат қабылданды. Онда 130-дан астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп жатқан бөлінбес елдің тұтастығы айқындалды.

Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы далада жаңа мемлекет, жаңа қоғам, жаңа экономика құрылды. Еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, басқару тетігі бір жүйеге келді. Ата Заң біздің барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың қайнар бастауына айналды. Ол – бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары. Елбасымыз айтқандай, «Конституция – кемел келешегіміздің кепілі». Сондықтан, бұл күннің маңызы биік, мәні бөлек, мәртебесі ерекше.
Қазақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құрметті және абыройлы мемлекет. Еліміз әлемнің аса дамыған 50 елінің қатарына қосылды. «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырды. Саяси партияларды демократиялық жолмен таңдау еркіндігіне қол жеткізді.
Қоспалаталы кәсіби Парламент жасақ­тал­ды. Ата Заңымыз азаматтық қоғам институттарын нығайтуға жол ашты. Жергі­­лікті мәслихаттардың қызмет аясын кеңейтті. Маңызын арттырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Бүгінде әлемге бейбітшілік пен келісімнің кілтін ұсынатын Елордамызды тұрғыздық. Осы жылдары әлемнің 138 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО және Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Төрелік еттік. ТМД елдері ішінде алғаш рет халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізіп, жасампаз әлеуетімізді паш еттік, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Облыс әкімінің орынбасары одан әрі облысымыздың мәртебелі мерекеге жақсы жетістіктермен жетіп отырғанын тілге тиек етті.
– Осы күнге жалпы өңірлік өнім көлемі 265,0 миллиард теңгені құрап, 8,4 пайызға өсті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құрады.
Өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға өсім бар. Өнеркәсіп саласындағы өсім тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемінің – 14,7 пайызға (26,5 млрд.теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 пайызға (156,9 млрд.теңге) артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Осы саладағы оң динамикаға индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Ағымдағы жылдың 7 айында бұл кәсіпорындармен 13,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Биылғы жылы осы бағдарлама аясында құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда, мұнда 947 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Ауыл шаруашылығында есепті мерзімде 74,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,8 пайызды құрады. Ал, есепті кезеңге жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 51,7 миллиард теңгені құрап, 10,5 пайызға артты. 7 айда 258,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, көрсеткіш 6,6 пайызға көбейді.
Жалпы, 2018 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 13 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және 7 үйді қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп, есепті мерзімде 7 тұрғын үй пайдалануға берілді, 13 тұрғын үй осы жылдың екінші жартыжылдығында тапсырылады.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,3 пайызға артты (128,7 млрд.теңге). Бөлшек сауда айналымы 4,0 пайызға (147,1 млрд. теңге), жолаушы тасымалы 2,0 пайызға (547,2 млн.адам), жүк тасымалы – 8,7 пайызға (53,7 млн. тонна) өсіп отыр.
2018 жылғы 1 тамызға облыс бюджетіне 146,5 миллиард теңге сомасында түсімдер түсіп, жоспар 103,3 пайызға орындалды, өзіндік кірістер 31,4 миллиард теңгеге немесе 117,3 пайызға қамтамасыз етілді.
Осы айтылған көрсеткіштерге қол жеткізуіміз, Ата Заңымыз айқындаған қоғамдық тыныштық пен бейбітшіліктің арқасы, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Ал, сөз соңында облыс әкімінің орынбасары кемел келешекке жол салған Конституциямыздың халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін түзеп, экономикалық өсімді қалыптастырып отырғанын айта келе, көпшілікті Ата Заңымызды ардақтап, көздің қарашығындай құрметтеуге шақырды.
Салтанатты жиында облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Рүстембеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі П.Мамедова, «Дарын» мектеп-интернаты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Б.Дүйсенбаев сөз алып, қалың көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, күмбірлеген күй мен әуезді әннен шашу шашылды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.