Меркі ет комбинатының әлеуеті | arainews.kz

Меркі ет комбинатының әлеуеті

280

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешен экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарламада әр жылға нақты индикаторлар белгіленген.
Сол межелі индикаторлардың бір бағыты – елдегі ет өндірісін дамытып, оның экспорттағы үлес салмағын арттыру. Бұл ретте Меркі ет комбинатының аяқ алысы Елбасы қойған міндеттің үдесінен шығып-ақ келеді.

Комбинат бүгінгі күнде облысымызда мал сойып, ет өндіріп жатқан бірден-бір ірі кәсіпорын. Өнімі тек өз елімізден ғана емес, өзге мемлекеттерден де тұрақты тұтынушысын тауып отыр. Жуырда осы әлеуетті комбинаттың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықтық.
Біз келгенде Сарымолдаев ауылдық округінен жеткізілген тоқтылар сойылып, еті өңделіп жатыр екен. Комбинаттың вице-президенті Сұлтан Әлиасқаровты өндіріс басынан жолықтырып, экспортқа дайындалып жатқан еттің қай елге жөнелтілетінін сұрадық.
– Бұл жас мал еті Бахрейн мемлекетіне жіберілмек, – деп фермер әңгімесін әрмен қарай сабақтай түсті. – Бізден импорттап жатқандықтан олардың қояр талаптары да үлкен. Ол заңды да. Оның үстіне сапасы дұрыс болмай, еліміздің атына кір келмес үшін де барынша тырысамыз. Сондықтан, өнімді мұқият дайындап, сенім үдесінен шығуымыз керек, – дейді комбинаттың вице-президенті.
Білуімізше, Бахрейн мен Иран сияқты мұсылман елдері көп жыл­дар­дан бері осы комбинатпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрақты серік­теске айналған.
– Шетелдіктер халал еттің өзін мұқият таңдап алады. Талғамдарынан шыққан болуымыз керек, Бахрейн мен Иран бізге үзбей тапсырыс беріп келеді. Осы екі мемлекетке өткен жылы 214 тонна ет жібергенбіз. Биыл көлемді арттырдық. Бірінші жартыжылдықта сыртқа, осы екі елге 360 тонна ет жөнелттік. Жыл аяғына дейін экспортты 1 000 тоннаға дейін жеткізу көзделуде, – деген С.Әлиасқаров комбинаттың қазіргі мүмкіндігі жайында да айта кетті.
Негізі, комбинаттың күніне 1 000-1 500 қой, 250-300 ірі қара малын союға мүмкіндігі бар. Алайда, ол мүмкіндіктің әзірге тек 30 пайызы ғана пайдаланылып келеді. Оған біріншіден, нарықтағы сұраныстың көбеймеуі, екіншіден, әкелінетін малдың аздығы себеп болып отыр екен.
– Өндірісіміз толық қуатына шығу үшін бізде шикізат қоры жеткілікті болу керек. Шыны керек, біз өзгенің малына тәуелді болып отырмыз. Егер ұзақ мерзімге берілетін 4 пайыздық несиеге қолымыз жетсе, енді кім малын әкелер деп күтіп қалмас едік. Мемлекеттік қолдаумен қаржылай несие алып, өзімізге мал қорын жинасақ деген ойымыз бар. Оның үстіне комбинаттың құрылғанына біраз жыл болды. Кезінде озық үлгіде болған техникалары мен құрылғылары да ескіре бастады. Мемлекет қолдау көрсетсе, алдыңғы қатарлы өңдеу кәсіпорындары сияқты жаңғыра түссек дейміз. Өйткені, бүгінгі талап жаңаша жұмыс істеуді міндеттейді. Одан бөлек, шарт бойынша жоғарыда аталған мемлекеттер тек сапалы ет алады, – дейді Сұлтан Әлиасқаров.
Сапар барысында комбинат еңбеккерлерінің бір кісідей жұмыла еңбек етіп жатқанына куә болдық. Мұнда барлығы 80 адам жұмыс істейді. Айлықтары орта есеппен 60 мың теңге шамасында. Бас инженер Геннадий Крюковтан бастап мал дәрігер-сараптаушы Аманбай Абайдуллаев және Нұрланбек Сармұрзаев, Серікжан Бұланов сынды қасапшылар міндеттерін мінсіз атқарып, істе іркіліс болмауын қамтамасыз етуде.
Қысқасы, өзге аудандарда жоқ экспорттық әлеуеті зор комбинат Меркіде бар. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау тетіктері табылса, кәсіпорынның тынысы одан әрі кеңейе түсетіндігі сөзсіз.

Бақтыбай АБАЙ,
журналист
Меркі ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.