Егемен елдің ертеңі: Таразда тәуелсіздіктің қадірі мен елдік жауапкершілік талқыланды — arainews.kz

Егемен елдің ертеңі: Таразда тәуелсіздіктің қадірі мен елдік жауапкершілік талқыланды

7

Тәуелсіздік тарихын білу, тарихи мұраны сақтау, заңға құрмет және ел болашағына үлес қосу. Республика күні қарсаңында Таразда өткен «Егемендік – ортақ жауапкершілік» диалог алаңы осы мәселелерді бір арнаға тоғыстырды. «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған кездесуде қоғам өкілдері егемендіктің тарихи маңызы мен оны нығайтудағы бүгінгі ұрпақтың міндетін талқылады.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларация елдің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Бүгінде бұл күннің мәні тарихи оқиғаларды еске алумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттілікті нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесі туралы ойлануға мүмкіндік береді.

Диалог алаңында «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Айтасұлы Каипов егемендіктің күнделікті өмірдегі көрінісіне назар аударды. Оның пайымынша, тәуелсіздіктің беріктігі заң үстемдігіне, адал еңбекке және азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне тікелей байланысты.

«Егемендік – тек өткен тарихымызды мақтан тұту емес. Ол әр азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігінен, заңды құрметтеуінен және қоғам игілігі үшін атқарған нақты ісінен көрінеді», – деді Дәурен Каипов.

Тарихи жадыны сақтау мәселесіне тоқталған Сауран Қалиев Шу мен Талас өңірлерінің қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнына назар аударып, «Қазақстан тарихы» энциклопедиясының маңызын атап өтті. Оның сөзінде тарихи деректерді жүйелеу, өткен кезеңдерді шынайы зерделеу және ел тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері қозғалды. Шу мен Талас өңірлеріндегі көне қалалар мен тарихи орындар – қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен мәдени дамудың терең тамырын танытатын мұра. Сондықтан тарихты зерттеу мен тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау елдің тарихи жадын жаңғыртудың маңызды бөлігі саналады

Егемендіктің тарихын тану мен оны бүгінгі өмірде бағалау мәселесі Қасымхан Төлендиев пен Сембек Сейдазимовтің сөздерінде де қозғалды. Қатысушылар ел тәуелсіздігінің қалыптасу жолы, бірлік пен елдіктің маңызы туралы пікір алмасты. Кездесуде айтылған ойлар егемендік ұғымының мемлекет шекарасы мен саяси мәртебесінен кең екенін, оның қоғамның ортақ құндылықтары мен азаматтардың ұстанымынан да көрінетінін көрсетті.

Тәуелсіздіктің болашағы ұрпақ тәрбиесімен де тығыз байланысты филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ білімнің, ана тілінің және тарихи сананың жас буынның дүниетанымын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ал білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім мен ғылым саласының қоғам дамуындағы орнын, ұстаздар мен еңбек адамдарының маңызын сөз етті.

Жастардың ел болашағына қатысуы да талқылаудан тыс қалмады. «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали жас буынның отаншылдық ұстанымы мен қоғамдық белсенділігінің маңызына назар аударды. Егемен елде дүниеге келген жастар үшін тәуелсіздіктің қадірін түсіну оны сақтауға және елдің дамуына үлес қосуға дайын болумен өлшенеді.

Диалогтың «Ашық микрофон» кезеңінде «Ақжол» газетінің аға редакторы Эльмира Байназарова тәуелсіздікке жету жолында әр адамның өзіндік үлесі бар екенін атап өтті. Оның бұл пікірі егемендікті тек тарихи тұлғалардың немесе жекелеген кезеңдердің жетістігі ретінде емес, ел тағдырына қатысы бар әр азаматтың еңбегімен сабақтастыра қараудың маңызын аңғартты.

Кездесу барысында тарихи жадыны сақтау, заң мен тәртіпті құрметтеу, білімді ұрпақ тәрбиелеу және азаматтық белсенділікті арттыру өзара байланысты міндеттер ретінде қарастырылды. Қатысушылар пікір алмасып, елдің болашағы жөніндегі ойларын ортаға салды.

Республика күні қарсаңындағы диалогтың негізгі өзегі – егемендіктің қадірін білу оны нақты іспен нығайтудан басталатыны. Тарихты тану, қоғам игілігіне қызмет ету және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну – тәуелсіз елдің бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды міндеттер.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Comments are closed.