Таразда жүзін жасырғандар жауапқа тартылуда - arainews.kz

Таразда жүзін жасырғандар жауапқа тартылуда

8

Жамбыл облысында бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салу талабын сақтамаған азаматтар жауапкершілікке тартылып жатыр. Заңнамаға енгізілген жаңа талаптарды бұзушылар профилактикалық және рейдтік іс-шаралар аясында анықталуда.
Облыстық Полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, заңнама күшіне енгелі бері облыс аумағында аталған талапты сақтамағаны үшін 11 тұрғынға ескерту беріліп, 1 азамат айыппұл арқалаған. Оның ішінде Тараз қаласында 9 адам ескерту алып, 1 азаматқа айыппұл салынған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 31 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңы қабылданып, биылғы 2 наурызда күшіне енген болатын. Аталған құжаттың 75-бабы, 3-тармағында қоғамдық орындарда тұлғаны көзбен тануға мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде бетті толық жабатын киім киюге тыйым салынған. Бұл талап ауа райы жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды.
Аталған талапты бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген. Алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту жасалады, ал бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.