Көпұлтты Оспановтар отбасы ауласына жеміс ағаштарын отырғызды | arainews.kz

Көпұлтты Оспановтар отбасы ауласына жеміс ағаштарын отырғызды

41

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде.
Акцияны қолдау мақсатында Жамбыл ауданында бірқатар іс-шаралар өтуде. Осы орайда бүгін «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры Марат Оспановтың көпұлтты отбасы шаңырағында (барлығы 15 балалы, оның 4-і грек, 2-і неміс, 5-і орыс асырап алған) ауласын абаттандыру және жеміс талдарын отырғызу шарасы өтті.
Айта кету керек, Марат Оспанов ағымдағы жылы «Қайырымдылық керуені» VI республикалық конкурсының «Туған жер» номинациясы бойынша қоғамдық мәселелерді шешуде ерен еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Көпұлтты балаларды бауырына басып отырған отбасы көпке үлгі көрсетуде.
— Бүгін ерекше қуаныштымын. Мен бауырыма қанша бала бассам, шаңырағыма сонша береке кіретінінің бүгін тағы куәсі болдым. Бүгін ауламызға отырғызылған жеміс талдар жайқалып өсе берсін. Талдың да тағдырымыздың да берер жемісі көп болсын, — деді Марат Оспанов.
Айта кетерлігі, акция басталғалы Жамбыл ауданының тұрғындары белсенділік танытып келеді. Дәл осындай шаралар ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде жалғасын тапты. Акцияға ауыл тұрғындарын да бірауыздан қолдау танытып келеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 17 гектар жер учаскесіне 20 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде 14 100 түп қарағаш, 4 700 түп терек, 500 түп ясень (ерен) талы, 200 түп туя көшеті егілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.