Білім мен денсаулық сақтау нысандары жылусыз қалмауы тиіс | arainews.kz

Білім мен денсаулық сақтау нысандары жылусыз қалмауы тиіс

86

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Басқосуға партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі, білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев сондай-ақ, ZOOM-платформасы арқылы «AMANAT» партиясы аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары, партия аумақтық филиалдары жанындағы Әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.
Гүлмайра Момбекованың төрағалығымен өткен кеңесте білім және денсаулық сақтау мекемелеріндегі жылу беру жүйелерінің жай-күйі қаралды. Кеңес төрағасы осыған дейін аталған кеңес мүшелерінен жұмысшы топ құрылып, Байзақ, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу аудандарындағы бірқатар нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізгенін жеткізіп, білім беру нысандарына қажетті отынмен қамту мақсатында мердігер компания көмірді толығымен жеткізгенін атап өтті. Дегенмен жеткізілген қатты отынның сапасы сын көтермейді екен.
– Білім беру нысандарына жеткізілген көмір өте майда, қызуы нашар. Тез жанып, тез өшеді. Үйілген көмір өзінен-өзі жанып кететін болғандықтан далаға жайып тастаған. Көмір тасымалдауды жеңіп алған мердігер отынның сапасына көңіл бөлмеген. Сонымен қатар жылу қазандықтары оқу ғимаратына жанама орналасқан білім беру нысандары да бар. Мәселен, Меркі ауданы, Гранитогор ауылындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатының қазандығы. Жылыту қазандығы оқу ғимаратына жанама орналасқан. Сондай-ақ, ондағы пеш ескірген. Сондықтан ол пеш кез келген уақытта апат тудыруы мүмкін. Дейтұрғанмен ол білім ошағында талапқа сай жаңа жылыту қазандығы салынғанымен әлі пайдалануға берілмеген. Ендігі жерде тиісті сала мамандары тез арада құжаттарды рәсімдеп, жаңа қазандықты іске қосуы қажет, – деді Гүлмайра Асанқызы.
Сонымен қатар аудандардағы білім нысандарының жылыту жүйелерін арнайы кәсіпорындарға (комхоз) беру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Меркі ауданында мұндай кәсіпорынның болмауына байланысты Қордай ауданындағы кәсіпорынға берілген. Мамандарды дайындау, ақауларды жөндеу, отынмен қамтамасыз ету осы кәсіпорынға жүктелген. Жылыту қазандықтарында ақау орын алған жағдайда мамандар Қордай ауданынан келуі тиіс. Сондықтан, Меркі ауданынан жылу жүйелеріне жауап беретін арнайы кәсіпорын қажет.
Шарада облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі, білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев баяндама жасады. Олар жоғарыда көрсетілген кемшіліктер бойынша кеңес мүшелеріне жауап берді.
Сондай-ақ, басқосуда аумақтық филиалдар жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмысындағы кемшіліктер де айтылды. Ол бойынша кеңестердің төрағалары мен аумақтық филиал атқарушы хатшыларына тиісті ұсыныстары берілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.