Оқушыларды офицерлік құрамды толықтыруға шақырды | arainews.kz

Оқушыларды офицерлік құрамды толықтыруға шақырды

96

Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған олардың барлығы болмаса да белгілі бір бөлігі ішкі істер саласында білім алуды қалайтыны анық. Елімізде бұл салада білім беретін бірнеше оқу орны бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы.

Осыған орай, ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін оқушыларды аталған оқу орнында білім алуға шақыру мақсатында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов және мекеме кадр саясаты бөлімінің бастығы, әділет капитаны Айгүл Жүнісова Тараз қаласындағы №54 Құмшағал орта мектебіне барып, оқушылармен кездесті.

Жүздесу барысында ҚАЖ қызметкерлері болашақ түлектерге ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы Қазақстанның ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын арнаулы жоғары оқу орны екенін айтып, онда ішкі істер органдарының мамандарымен қатар қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілік қызметі үшін бакалаврларды даярлайтынын айтты.

– Қылмыстық-атқару жүйесінің бағыты бойынша оқитын курсанттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қызмет атқарады. Академия «Құқық қорғау қызметі», «Педагогика және психология», «Әлеуметтік жұмыс», Ғылыми-педагогикалық магистратура және докторантура бағыттары бойынша мамандар дайындайды. «Әлеуметтік жұмыс» даярлау бағыты бойынша түлектер пробация қызметінің инспекторы, ҚАЖ мекемелерінде жасақ бастығы лауазымына тағайындалады, – деді мекеме бастығының орынбасыр Әміржан Дәулетқұлов қызығушылық танытқан оқушыларға.

Оқыту мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қазақ және орыс тілдерінде түлектерге «полиция лейтенанты» немесе «әділет лейтенанты» арнаулы атағы және «бакалавр» академиялық дәрежесі беріле отырып жүргізіледі. Курсанттар республикалық бюджет қаражаты есебінен академияда оқудың барлық кезеңіне тегін тамақпен, жатақханада тұрумен, нысанды киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Ай сайын шәкіртақы, сондай-ақ демалыс кезеңінде қалааралық автомобиль және теміржол көлігімен тұрақты тұратын жеріне жол жүру құны төленеді.

– Насихат жұмыстарының мақсаты жастарды қызметке шақыру. Кездесуден кейін ең үздік, мақсаты айқын, дарынды оқушылар ойланып, жоғарғы оқуларын ҚР ІІМ Қостанай Академиясында жалғастырады дегенге сенеміз, — дейді Айгүл Жүнісова өз сөзінде.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.