Емдейтін пойыз — ел аралап жүр | arainews.kz

Емдейтін пойыз — ел аралап жүр

2 745

Елімізде сапалы медицинаға қолы жетпей жүргенелді-мекендер баршылық. Шалғайда тұратын тұрғындар тексерістен өту үшін аудан орталығына ағылады. Одан қалды облыс орталығына баруға мәжбүр. Осыған орай халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында емдейтін пойыздар биыл да жолға шықты.

2010-шы жылдан бері дәстүрге айналған «Медициналық пойыздар» жобасы биыл да жалғасын тапты. Білікті де білімді мамандар топтасқан ұжым еліміздің батысынан бастап, Жамбыл жеріне де жетті. Солардың бірі Мойынқұм ауданы орталығынан алыста орналасқан ауылдың бірі Мыңарал станциясы. Екі күн аялдаған пойызға келіп тексерушілер қарасы қалың. Өйткені, аталған ауылдағы ағайынға ауданға барып қайту үшін 500 шақырым жол жүру керек. Сондықтан осындай мүмкіндікті жұрт жібермеуге тырысты.

Соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен толыққан пойызда терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері мен стоматолог та бар. Биыл медицина мамандарының  қатары психолог және дерматовенерологпен толыққан. 6 ай бойы үй көрмей, ауыл-аймақты аралап, тыным таппай жүрген жандардың еңбегін ел еледі. Ақ халаттыларға ауылдықтар ағысын жаудырып жатса, ақсақалдар батасын беріп жатты.

«SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен медициналық пойыздар 6-шы қарашаға дейін елдегі барлығы 147 станцияға бармақ. Жалпы саны 60 000 адамды қамтып, ақ халаттыларға қаралушылар саны100 000, диагностикалық емшара саны 18 000, шағын хирургиялық операция саны 1200 болса, 8000 пациентке стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтілуде.

Ең бастысы тұрғындар тексеріс пен медициналық көмекті тегін ала алады. Бар болғаны қолында жеке құжаты болса болғаны. Мамандар демалыссыз, сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін халықты қабылдайды.

Адамның басты байлығы денсаулық. Сондықтан дертіне дауа тауып, аурудың алдын аламын дейтіндерүшін бұл жобаның маңызы зор. Яғни, шалғайдағы ауылдықтар ақ халаттыларды емес, ақ халаттылар халықты іздеп жүр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.