Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас прокурорларының отырысы туралы | arainews.kz

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас прокурорларының отырысы туралы

113

Бүгін Қазақстанның елордасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттер бас прокурорларының 20-шы мерейтойлық отырысы өтті.

Оның жұмысына Қырғыз Республикасының, Ресейдің, Тәжікстан мен Өзбекстанның бас прокурорлары, сондай-ақ онлайн форматта Қытайдың Жоғарғы халықтық прокуратурасының Бас прокуроры, Үндістанның Бас Солиситоры және Пәкістанның Қосымша                             Бас прокуроры қатысты.

Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асылов отырысты аша отырып, аймақтағы трансұлттық қылмысқа қарсы күреске бағытталған шараларды талқылау жөніндегі беделді сараптамалық алаң ретінде өзін таныта білген ұйымның рөлін атап өтті.

Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сөз сөйледі.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин өз сөзінде адам құқықтарын қорғау және қазіргі заманғы сын-қатерлерге ден қою мақсатында қадағалау органдарының арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы қылмыстық активтерді қайтару кезіндегі тәжірибемен алмасу, озық практикаларды және проблемаларды талқылау болды.

Трансұлттық экономикалық қылмыс қауіпсіздікке қол сұғып қана қоймай, сонымен қатар қаржы жүйелерінің тұрақтылығына, ашықтығына және тиімділігіне нұқсан келтіретін жаһандық қауіп болып табылатыны атап өтілді.

Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басқа елдермен сауда айналымындағы жыл сайынғы айырмашылық шамамен 675 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Бұл ақша ағындарының бір бөлігінің қылмыстық мақсаттарға, оның ішінде терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға бағытталуы жоққа шығарылмайды.

Осы тұрғыда Қазақстанның Бас Прокуроры қылмыстық капиталды елге қайтару туралы өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Атап айтқанда, ол әріптестерін Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған, өзі басқаратын Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметі туралы хабардар етті.

Берік Асылов атап өткендей, қылмыс жыл сайын біздің елдердің экономикасына орны толмас залал келтіруде. Тек тығыз өзара іс-қимыл мен бірлескен жұмыс мұндай сын-қатерлерге еңсерілмейтін тосқауыл жасай алады.

Шри Тушар Мехта Үндістанда трансұлттық экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар туралы айтты.

Қытайдың Бас прокуроры Чжан Цзюнь отырысқа  қатысушыларды қылмыстық жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді өндіріп алу мәселелері бойынша ҚХР-да қолданылатын тетіктер мен құралдар туралы ақпараттандырды.

Сондай-ақ осы саладағы ресейлік тәжірибе туралы Бас прокурор Игорь Краснов айтып берді.

Тәжікстанның Бас прокуроры Юсуф Рахмон қылмыстық жолмен алынған және шетелге аударылатын ақшалай қаражат пен басқа да құндылықтарды заңсыз шығарудың жолын кесу бойынша шаралар туралы баяндама жасады.

Қырғыз Республикасының Бас прокуроры Құрманқұл Зулушев пен Өзбекстан Республикасының Бас прокуроры Нигматилла Юлдашев шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздестіру және қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысы туралы айтып берді.

Талқылау шеңберінде делегаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдарының әріптестігін арттыру және трансұлттық экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша тиімді жұмыс жасау үшін коммуникацияны жақсартудағы күш-жігерді біріктіру қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша бас прокуратуралардың басшылары жымқырылған активтерді қайтару бойынша одан әрі өзара іс-қимыл және озық тәжірибе алмасу жөнінде басым міндеттерді айқындайтын отырыстың хаттамасына қол қойды.

Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Берік Асылов халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.