Өңірде «Ауыл Аманаты» жобасы аясындағы мобильдік топтың жұмысы жалғасуда | arainews.kz

Өңірде «Ауыл Аманаты» жобасы аясындағы мобильдік топтың жұмысы жалғасуда

703

Партияның «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша құрылған мобильдік топ мүшелері Талас және Сарысу аудандарына барды. Ауыл халқымен жүздескен топ жобаның мақсатын түсіндіріп, тұрғындарға кеңестер берді.

Алдымен Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғындарымен кездескен олар осыған дейін өңірде нәтижелі іске асқан “Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру” жобасының жалғасы екенін жеткізді. Сондай-ақ 2,5 пайызбен берілетін несие алдымен жұмыссыздарға, айлық жалақысы 60 мың теңгеге жетпейтін ауыл азаматтары ала алатынын сөз етті. Аталған аудандағы кездесу Ақкөл ауылдық округінде жалғасып, ауыл халқына жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді. Айта кетерлігі, бұл кездесулерде 2019 жылы жобаға енген Үшарал ауылының Рахымжан Айтуов жобаның іске асуының барысына тоқталды. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығын жеткізді.

Мұнан кейін ақпараттық марафон Сарысу ауданында жалғасты. Аталмыш ауданның У.Сыздықбайұлы және А.Бүркітбайұлы ауылы тұрғындарымен де кездесті. Шарада тұрғындар ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, кооперативтер мен бизнес-жоспар құрудың оңтайлы тәсілдеріне қанық болды. Сонымен қатар осыған дейін аталған ауданнан пилоттық жобаға енген Байқадам ауылдық округінің әкімі Мыңжасар Аймағамбетов тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» партиялық жобасына 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі ауыл азаматтары үміткер бола алады. Кездесулерде көтерілген мәселелер мен айтылған сын-пікірлер, ұсыныстар жобаны одан әрі жандандыру барысы да ескеріледі. Халықтың сұранысы 2023 жылы іске асырылады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.