Қара кемпірдің үйі неге қараусыз қалды? | arainews.kz

Қара кемпірдің үйі неге қараусыз қалды?

1 640

     Бірде төбеден төменге сырғып, енді бірде төменнен төбеге көтерілген көлік қыр-адырларды артқа тастап, алға жүйіткіп келеді. Бет алысымыз – Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызыл сай ауылы. Төбеден төнген күннің шұғыласы аймақты сәулелендіріп, жарқ-жұрқ етеді.

Не деген көп гүл! Не деген сұлу өлке! Адамдары да дәл осы гүл іспетті нәзік, дәл осы гүл сияқты сезімтал шығар… Ауылдың шеті көрінді. Қызыл сай десе, қызыл сай екен! Дала төсі қып-қызыл жауһар! Мүмкін, бұл дала төсіне төселген гүл емес, бұл қос құлынын іздеп, дала кезіп кеткен Қали ананың жерге тамған көз жасының белгісі ме екен?
Көк майса «Қош келдіңдер» дегендей бірде үнсіз иіліп, бірде қайта бас көтерді. Қаншалықты сұлу, соншалықты мұңды. Қаншалықты нәзік, соншалықты адал. Көктемі жеткенде көктеп, күзі жеткенде жарық жалғанмен қош айтыспақ. Алқаракөк аспанмен астасқан қара жол жүрекке түскен қара сызық іспетті жанымды сыздатып барады…

Ту-ту алыстан, әйгілі әнші Алтынбек Қоразбаевтың әуеніне жазылған Қара кемпірдің зары естілді.
Оу-у-у, дүние-ай!
Қызыл сай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос боздақтың елесі көп…
Мына төбеде тай-құлындай тебісіп өскен ағайынды Жексенқұл мен Қосшықұлдың асық ойнап, доп теуіп, құлдыраңдаған шағы тұр. Ана жерде аналары кешкі асқа қазан асып, тезек қалап отыр. Қос құлынының сыртынан сүйсініп қарап қояды. Ішінен сыбырлап, жер бетіндегі барлық аналар сияқты күйбең тіршіліктің күйімен жүріп-ақ балаларына күбірлеп, іштей саулық тілеп жүр. Әне әкелері бәйгеге қосқан бестіні суғаруға келе жатыр. Құлындары алдынан құлдыраңдай жүгіргені сол, ана жүрек «құлап қалмаса екен» деп тілеп, сыртынан сүйсініп қарап қойды. Бұл бақытқа толы шақтың, махаббат пен мейірімге толы отбасының шырағы сөнбеген шуақты шағы еді. Осы бір мамыражай көріністі 1942 жылғы Ұлы Отан соғысы тас-талқан етті. Үйдегі үш бірдей ер азамат – Қали ана, Қали жардың жаулығына түйген бар асыл арманын аяқ асты етіп, соғысқа аттанып кете барды.

Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Сендерге бәсіре деп өзі жоқта,
Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа.
Дайын тұр құрт-майың да, сеземін ғой,
Бір тойың болады-ау деп осы жақта…

Сендерсіз мына қу үй қыстай екен,
Баласын жылан жұтқан құстай екем.
Қырық жыл aңыраған үмітімді,
Қалайша қанат қылып ұшпай өтем?!

Ағаштан жасалған қақпаны абайлап ашып, ішке кірдік. Аңғал-саңғалы шыққан тағдырындай болып, қирауға шақ қалған Қара кемпірдің қара шаңырағы бұл! Аласа һәм шағын. Шайқалған шаңырақтың шатыры шұрық тесік, опырылып тұр. Жақтаулары тік, әлі де жермен-жексен бола қоймапты. Қарт ананың көз жасы сіңген іздеу-сұраусыз қалған қабырғаларын алақаныммен сипағаным сол, қан жұтып тұрғандай, «өксіп-өксіп» қоя берді…
Бұл бар ғұмырын қос ұлы Жексенқұл мен Қосшықұлының жолын тосып, күтумен өткізген қырғыз қызы Қали ананың шаңырағы. Қарт әжей туралы «білген дерегімен бөлісер» деген ниетпен қарама-қарсы үйдің қақпасын қағып, табалдырығын аттадық.

Нұрбүбі әжей ақ төсекте демалып жатыр екен. «Әже, біз Қали апа, яғни Қара кемпір туралы білейін деп едік сізден. Ең жақын көршісі екенсіз ғой», – дедім дауыстап. Әжей бір сөзге келместен, жаулығын түзеп, оюлы қамзолын киіп, таяғына сүйеніп, Қара кемпірдің үйін бетке алды. Қақпаны ашып, бірден қирауға шақ үйге жақындады. Жақтауға сүйеніп, табалдырығын аттап: «Апа, біз келдік. Мен ауылға келін болып түскенде жап-жас едім. Енді міне, сіздің ізіңізге еріп, біз де қартайдық. Қара кемпір-ау, көзіңнің тірісінде кете алмаған қара шаңырағыңды айналшықтап, кете алмай әлі жүрген шығарсың?! Мына балалар сізді түсіруге келді. Рұқсатыңды бер», – деп Нұрбүбі әжей бір сәт Қара кемпірдің өзімен сөйлесіп тұрғандай әсер қалдырды.
– Қара кемпір деп ән шыққан соң атап кетті. Шын аты – Қали. Қырғыздың қызы еді. Көзінің тірісінде бірде-бір туысы іздеп келгенін көрмедік. Жалғыздан жалғыз, ұлдарын аңсап-сағынумен, іздеумен ғұмыр кешті. Біреуді көрсе жүгіріп барып: «Балаларымды көрдің бе?», – деп сұрайтын. Әсіресе әскерден келгендер: «Көрмедім», – десе: «Қалай көрмейсіңдер? Олар да әскерге, соғысқа кетті ғой. Бірде-бір рет кездеспедіңдер ме?», – деп бірде кейіп, бірде расымен таңданатын. Жас келінмін. Кешкі асқа, шайға шақырып келіп тұратынмын. Жанымыз ашитын. Ақшасын балаларым келгенде алар деген ниетпен шөптің арасына, әр жерге жасырып жүретін. Кейін қартайып, малын игере алмай қалды. Бірен-саран адамдар ұрлыққа түсіп, малын иеленіп кетті, – деді Нұрбүбі әжей.
Осы сәт құлағымызға тағы да зарлы әуен келе қалды.

Жексенқұл, Қосшықұлмен шырақтарым,
Малыңды алсаңшы кеп санап бәрін.
Анаңды «жынды» атаған бұл ағайын,
Әкетер көзім жұмсам талап бәрін…

Қара шаш аппақ бүгін қырау болды-ау,
Дүние шектігі жоқ сұрау болды-ау…
Әр күнім тойға арнаған малын бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды-ау.

Қызыл сай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос боздақтың елесі көп.
Білемін, өлім бар ғой, өле алмаймын,
Өйткені мал-мүлкімнің егесі жоқ…

Өткен-кеткеннен ұлдарын сұрап жүрген Қара кемпір күнұзақ ауыл сыртына шығып кететін. Қырат, белестерді, ой-адыр, қырды аралап, ұлдарын тосып жүрген әзиз ананың бейнесі әлі күнге ауылдастарының көз алдында. Ол балаларының келмейтініне ешқашан сенбеген. Оны ешкім сендіре де алмаған. Әр мезет, күн, сағат, минутқа жүк артып, елеңдеп, үмітпен тоса білген. Сол сенімінің арқасында тірі жүрді. Сол сенімінің арқасында Ана еді ол! Кеудесінен жан шыққанша күтті. Ал сол Қара кемпірдің шаңырағы бүгінде қирауға шақ қалып тұр. Бұл ананың балаға деген шынайы махаббатының, сағынышының, аңсарының шексіз құрметін тұтатқан түтін емес пе еді?! Қайғы-мұң мен шердің шекпенін жамылған әйелдің үйін мұражайға айналдырсақ, не кедергі?! Баласының жолын тосқан қарт, ғаріп, соқыр, мылқау болған жарымжан ананың, соғыс өрті жалмаған жанұясының символы болған Қара кемпірдің үйі бүгінде неге қараусыз қалды? Тірісінде тонағандар өлген соң да өзегінен теппесе екен.

Көңілім сонша неге қоңырлайды-ау?!
Торлап бір алғаны ма өмір қайғы?!
Ата су Аспараға сағындырған,
Қос қозым неге келіп шомылмайды?!

Мен қайда, сендер жүрген қиыр қайда-ау?!
Бұл өмір белгісі жоқ, шиырлай ма-ау…
Егер де мәңгілікке көзім жұмсам,
Қос уыс топырағың да бұйырмай ма?!

Қара кемпір Қызыл сайды аралап, ұлдарының жолын тосқан тұста ескерткіші менмұндалады. Алқызыл гүлге оранған алқапта қолын қусырған мұңды ананың бейнесі қылаң берді. Тас мүсінге айналған шерлі ананың басына қара тақта орнатылып, «Қара кемпір» деп бекітіліпті.

Қараймын Батыс жаққа келе ме деп?!
Анасын ғаріп болған көре ме деп.
Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,
Хабарын қос қозымның бере ме деп? – деген жазба да бар…

Тас мүсінді бүгінде жасыл желек жебеп, алқызыл гүлдер айнала қоршап тұр. Қолын қусырған кейуананың көзі ту алыста. Жүзі мұңды. Ол тасқа айналып кетсе де, әлі де жол тосып тұрғандай.
Тіл бітсе, «Балам қайда?» деп сөйлеп кетердей…
Жан бітсе:
Күн қайда терлеп ішер қызыл шайды-ау,
Тер емес көздің жасы жүзімді шайды…
Жексенқұл, Қосшықұлым кеп қалды ма,
Аралап қайтайыншы Қызыл сайды? – деп зарлап қоя берердей…

Иә, бұл сұм соғыс кімді алып кетпеді? Ал Қара кемпір – екі құлынын қанды майданнан сарыла тосып, соғыс өртіне лағынет айтқан жан. Жер әлемде соғыс болмауын тілеген Ана! Сондықтан Ұлы Жеңістің 77 жылдығында Қара кемпірдің үйін қалпына келтіріп, мұражайға айналдырса, ар алдындағы абыройлы іс болар еді. Егер музей ашылып жатса, оған сол тұстағы Қара кемпірдің қолданған бұйымдары мен әскери жәдігерлерді тауып беріп қоятын адамдар табылар. Бұл бір қырынан туристерді тартатын орынға айналып, мәңгілік бейбіт күнді тілеген Ана символын да айшықтай түсер еді. Осыған Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатов көңіл бөліп, қолға алса, жасаған жақсылығы жұрт жадында, ел есінде мәңгі қалары хақ.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.