Сарысулық ардагерлерге құрмет көрсетілді | arainews.kz

Сарысулық ардагерлерге құрмет көрсетілді

773

Бүгін, 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл. Он жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысқан. Оның екі мыңға жуығы Жамбылдықтар. Ал, Сарысу ауданынан сапқа қосылғандар саны 100-ге жуық.

Мерейлі датаға орай, бүгін Жаңатас қаласының орталығында орналасқан Ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгер ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған актив құрамы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері және мемлекеттік мекеме, кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

«Ауған соғысының біздің халқымыз үшін де қасіреті мен зардабы аз болған жоқ. Ұрыс даласында қыршын кеткен боздақ батырларымызды әрқашан еске алып, ерен ерліктерін өскелең ұрпаққа дәріптей беретін боламыз. Бұл – біз бен Сіздің қоғам алдында тұрған ортақ міндетіміз», — деді жиында алғаш болып сөз алған аудан басшысы.

«Жамбыл облысы Ауғандық ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Сыздықбаев ардагерлерге қашан да қолдау көрсетіп келе жатқан аудан әкімдігіне жүрекжарды алғысын айтып, мерейлі мерекенің мән-маңызына кеңірек тоқталды.

– Біздің ауданнан 100-ге жуық сарбаз шекара шебіндегі соғысқа аттанған. Олардың басым көпшілігі ұрыс даласында алған жарақат салдарынан елге оралып, ерте бақилық болып кетті. Біз бір қатарда сап түзеген қарулас бауырларымызды еш ұмытпаймыз. Олардың ерен ерліктерін көпке үлгі етіп, насихаттауды басты парызымыз санаймыз. Мәселен, Маятас ауылының тумасы Серікбек Мәлтаев Ауған жерінде ерлікпен қаза тапса, Саудакенттік сарбаз Ораз Ысқақов әлі күнге із-түссіз жоғалғандар санатында, — деді Марат Тишбайұлы өз сөзінде.

Еңселі ескерткішке гүл қою рәсімі одан әрі Тәжік-Ауған ардагерлерімен кездесу кешіне ұласты. Жергілікті дәмханада ардагерлерге арнайы ақ дастархан жайылып, боздақтардың әруағына құран бағышталды. Жылы лебіздер айтылды. Аудан әкімдігі тарапынан бақилық болған әскерилердің отбасы мүшелеріне қаржылай сый-сияпат табысталды.

Айта кетейік, жуырда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің тікелей тапсырмасымен, аудандық мәдениет үйінің жанынан Ауған ардагерлеріне арнайы кабинет ашылып, бірлестікке мүше 27 азаматтың басқосуына, ауданның қоғамдық жұмысына белсене атсалысуына қолайлы жағдай жасалды.

Нұрсұлтан Рахымбай,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.