Екпе егу жұмыстары жалғасуда

23

Дәл қазір ғаламшар ауыр күндерді бастан өткеруде. Оған себепші болған басты фактор – күншығыс елінен келген кесел. Бүгінде бүкіл әлемді жаулаған індеттің көзін жоюдың ең тиімді жолы – екпе алу. Осыны түсінген отандастарымыз ерікті түрде арнайы орталықтарға барып, екпе қабылдап жатыр. Айта кетейік, ақпан айынан бері еліміз бойынша 878 067 адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынған.
Дәл осы статистика ертеңгі күні тағы да ұлғаюы мүмкін. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай екпені ерікті түрде қабылдап жатқандардың қарасы қалың. Бұл жайтқа кеше орталық ауруханаға барып, әбден көзімізді жеткіздік. Аудан бойынша 1700-ге жуық тұрғын екпе алып үлгеріпті. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау, жедел жәрдем, өрт сөндіру, балабақша, колледж, әскери, СЭС және әкімшілік қызметкерлері бар.
Қазіргі таңға дейін «Спутник V» ресейлік препаратын дәрігерлердің 458-і қабылдап үлгерсе, мұғалімдердің 546-сы аталмыш екпені салдырыпты. Бұл туралы бізге аудандық орталық аурухананың эпидемиологмаманы Айдана Ниязбекова мәлімдеп берді.
Айдана Кенжебекқызының айтуы бойынша екпені кез келген тұрғын ерікті түрде қабылдай алады екен. «Екпені ауданның әрбір азаматы қабылдай алады. Дейтұрғанмен, оны ең алдымен індетпен күресуде алдыңғы шепте жүрген азаматтар алғаны дұрыс. Осыған сәйкес бүгінгі күнге дейін дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау қызметкерлері вакцина алып үлгерді. Ал бүгінде жоспарға сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге екпе егудеміз. Қуанышты жаңалықпен бөлісе кетейін. Күні кеше ауданымызға вакцинаның 650 дозасы тағы да жеткізілді. Олардың қатарында отандық «QazVac» вакцинасыда бар» – деп елімізде өндірілген препараттың бір бөлігі ауданға келгенін жеткізді.
Ауруханаға жасаған арнайы іс-сапарымызда екпені расымен де дәл қазір мемлекеттік қызметкерлер алып жатқанын көрдік. Олардың қатарында аудандық аумақтық сайлау комиссияның төрағасы Манарбек Әмреев, аудан әкімдігінің персоналды басқару бөлімінің бас инспекторы Ералы Әлібаев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақерке Жайлыбаева да болды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.