Бағдарлама аясында 300 байзақтық баспаналы болады | arainews.kz

Бағдарлама аясында 300 байзақтық баспаналы болады

137

Бүгінгі таңда, ауданда тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мақсатын көздейтін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, Сарыкемер ауылына 5 қабатты 60 пәтерлі бес тұрғын үй құрылысының құжаттары дайындалуда. Аталмыш жоба жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша пәтер кезегінде тұрған 755 тұрғынның 300 тұрғыны пәтермен қамтылады.

Кеше әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындары алдында қорытынды есебін берген аудан әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді.

Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, аудандық ардагерлер кеңесі, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Басқосуда сахна төріне көтерілген аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ауданның өткен жылғы әлеуметтік — экономикалық даму қорытындыларымен бөлісіп, үстіміздегі жылға арналған мақсат — міндеттерді саралады. Өз баяндамасын: «2012 жылы желтоқсан айында Елбасы Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін ауданымызда 2020 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталайын», —  деп бастады. Сонымен қатар, Нұржан Молдиярұлы слайд арқылы Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, пилоттық жобаның нәтижелілігі, Индустриялық – инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, білім беру, мәдениет салалары, бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік қолдау, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Асарлатып үй салу» жобасы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Баяндамасын қорытындылаған аудан әкімі Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қажеттігіне тоқтала келе, алдағы уақытта да ауданды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді.

Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдірді. Ұсыныстары мен өтініштерін айтып, сауалдарына нақты жауаптар алды.

 

Фазыл Шаухаров, Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— «Жамбыл облысы тұрғындарының әл-ауқаты мен табысын арттыру» пилоттық жобасына Қостөбе мен Түймекент ауылдық округтері енгені белгілі. Бұл әлі де жалғасын табады деп естідік. Биыл осы жобаға біздің Үлгілі ауылы да кіреді деп естідік. Осы жоба қашан жалғасын табады? Өйткені, көп ұзамай көктемгі дала жұмыстары басталады.

Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі:

—  Бұл сұрақ есепті кездесулер барысында көтерілген болатын. Өздеріңіз білесіздер, былтыр пилоттық жоба аудандағы Қостөбе мен Түймекент ауылдық округтерінде іске асты. Оған республикалық бюджеттен 2,5 пайызбен 1 млрд. 700 млн. теңге бөлініп, азаматтар несие алды. Жоба өз нәтижесін көрсетті. Сондықтан, облыс көлемінде 11 млрд. теңге қаражат сұраныс берілді. Байзақ ауданы үшін Үлгілі мен Жалғызтөбе ауылдық округтерін белгілеп қойдық. Қаражат келген жағдайда міндетті түрде пилоттық жобаға осы екі ауыл енеді.

Досмахан Оразбаев, Көктал ауылының тұрғыны:

-Өз баяндамаңызда мәдениет саласына қатысты бірқатар жұмыстарды атап өттіңіз. Менің айтарым, Көктал ауылындағы мәдениет үйіне осы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?

Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі:

— Мәдениет саласына былтыр қомақты қаражат бөлініп, үш ауылда жаңадан мәдениет үйлерін салдық. Жоспарымыз жыл сайын бір мәдениет үйін салу. Бірақ, әрине айту керек, өзімізде мәдениет үйлеріміз бен ауылдық клубтарымыз бар. Оларды жақсы жағдайда жеткізу үшін ағымды және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Оның бірі – өзіңіз айтқан Көктал ауылындағы мәдениет үйі. Қазір онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін біз жобалық – сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Жыл ішінде, үнемделген қаражат есебінен облыстық экономика басқармасына ұсыныс береміз.

Исламбек Дастан, блогер:

— Аудан бойынша жөндеуден өткізіліп жатқан каналдардың құрылысын аралап шыққан болатынмын. Ендігі мәселе – сол каналдарды халық игілігіне беретіндей жағдай жасау. Оған алдымен көпірлер, сосын шлюздер қою және қоршаулар жасалуы керек. Ол каналдарға лотоктар қойылып, бетондалып жатыр. Бірақ, «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесі және мердігер өкілдерінің айтуынша әлі күнге жергілікті атқарушы органдар тарапынан каналдарды жөндеу жұмыстарына қатысты өтініштер түспепті.

Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі:

— «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесі арқылы 438 шақырымды құрайтын 72 каналға жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын баяндамада айтып өттім. Жаңағы өзіңіз айтқан проблема жоқ емес, бар. «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінде оны ұтып алған үш мердігер, жобалық – сметалық құжаттарын жасаған компания, сосын менің орынбасарым және аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы екі рет техникалық кеңес отырысын өткізіп, хаттамалық шешімдер қабылдаған. Бүгінгі күні, жобалық – сметалық құжаттарға шлюздер орнату мен қолайлы жағдайлар жасау үшін өзгерістер енгізу керек. Бұл жұмыстар биылғы жылы шешімін табуы керек. Ондағы жөндеу жұмыстары жоспар бойынша 2022 жылы аяқталады.

 «Қарлығаш» шаруа қожалығының жетекшісі Рысбай Телеуов ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу үшін бастапқы жарнаны субсидия алған соң төлеу, онлайн режімде сауалын жолдаған Азамат Молдашев Ақшолақ елді мекеніне газ кіргізу,  бәйтеректік тұрғын Айгүл Дәулетбаева жер телімін беру, Бәйтерек ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бектемір Шамполов Н.Киікбаев атындағы мектеп – гимназиясына қосымша ғимараттар салу, Байзақ аудандық ата – аналар кеңесінің төрағасы Болат Басықараев аудан әкімдігінің білім бөлімі облыстық білім басқармасына ауысуына байланысты білім беру саласына ауданнан бөлінген қаражаттардың өз жалғасын табуы туралы ұсыныс – өтініштерін жеткізді. Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға аудан басшысы нақты жауаптар қайтарды.

— Өздеріңізге белгілі, осының алдында аудан аумағындағы 18 ауыл, ауылдық округтерде есепті кездесулер өткізілді. Жалпы, осы жиындарда сексеннен астам сұрақтар, ұсыныстар – өтініштер түскен болатын. Оның ішінде, 61 ұсыныс – өтініш талдау көрсеткендей аудан деңгейінде шешімін табады. Қалған білім беру, денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныс – тілектерді облыстық деңгейдегі тиісті басқармалармен байланысты шешетін боламыз. Осыған орай, іс – шара жоспары бекітіліп, әр тоқсан сайын әкімдік отырысында қаралатын болады. Ол жөнінде арнайы чаттар мен әлеуметтік желілер, жергілікті басылым беттерінде жарияланады, — деді аудан әкімі сөзін түйіндеп.

Есеп беру жиынын облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев қорытындылай келе, «Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы негізінен ерекше жыл болды. Әлемді жайлаған пандемия барлық елдерге кері әсерін тигізді. Бірақ, оған қарамастан облыстың әлеуметтік – экономикалық көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары орын алды. Негізі экономикалық өсім облысымызда 102,2 пайызды құрады. Осы ауданда өткен жылы 13 млрд. теңгеге жуық ақша бөлініп, 185 жоба іске асырылды. Осы жобалар туралы аудан әкімі аяндамасында айтып өтті. Биылға ауданға 7,6 млрд. теңге қаражат бөлінсе, оған 25 жоба жүзеге асады. Олардың қатарында, 11 нысанның күрделі жөндеуі мен құрылысы, 3 полиция пункті, бір мәдениет үйі мен бір спорттық  — сауықтыру кешені, тағы да басқа жобалар іске асыру жоспарланған. Сіздер көтерген білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныс – өтініштер облыс деңгейінде болғандықтан бақылауға аламыз», — деп сөзін түйіндеді.

Жиын соңында өткен жылы атқарылған істерге аудан тұрғындарының көңілдері толатындығы айтылып, аудан әкімінің 2020 жылдың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындысы туралы есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.