Мазхаб жайында мазмұнды сұхбат құрды | arainews.kz

Мазхаб жайында мазмұнды сұхбат құрды

169

«Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс… Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет».

(Н. Назарбаев, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан)

Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан табылып жатсаң, ол сенің жетістігің. Ал дін деп ойлап теріс ағымның ықпалына берілер болсаң, оның соңы өкінішті жағдайларға алып барарын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Діннің шыңына шығамын деп, шыңырауына құлап жататындарға қарап, біз бұл мәселенің қоғамда әрдайым өзекті болатынын аңғарамыз.

Бүгінде дін ұстану үрдісі қоғамның әрбір саласына дендеп енді. Мектеп, жоғарғы оқу орындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік мекемелер – қай-қай саланы алсақ та, бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, имандылық жолынан табылған отандастарымызды көптеп кездестіреміз. Дәстүрлі дін ұстанымы мұсылманды адамгершілікке, ізгі мінез-құлыққа баулып, жемқорлық, алаяқтық, ұрлық-қарлық, өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыс түрлерінің алдын алуға ықпал етерін ескерсек, бұны қоғамдағы жақсы үрдістің нышаны деуге толық негіз бар.

Жалпы қоғамдық санаға, халықтың рухани таным-түйсігіне тегеурінді ықпал етіп жатқан бұл үрдістен соңғы жылдары түрмелер де шеткері қалып жатқан жоқ. Бір қарағанда, қылмыскерлік пен имандылық ұғымдары бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінгенімен, бас бостандығынан айыру орындарында да бүгінде намазға жығылып, оразасын ұстап, Құдай жолына бас ұрғандар қатары артуда.

Елбасымыз өз сөзінде темір тордың арғы жағындағы жазасын өтеушілерді теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мәселесін қадап айтқан еді. Расымен де, абақтыға теріс ағымның ықпалында болған қауіпті секталардың өкілдері де тоғытылуы мүмкін. Өзін «бірден-бір түзу жолда» санайтын ондайлар тікенек сыммен қоршалған кішкене әлемнің ішіндегі тағдырластарына өзінің бұзық сенімін насихаттап, басқаларды да адастыруы кәдік екенін естен шығаруға болмайды. Осындай қауіпті құбылыстардың алдын алып әрі имандылық жолындағы сотталғандарға діннің негіздерін үйрету мақсатында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті дәстүрлі діни бірлестіктермен өзара байланыс жасап, темір тордағы жазасын өтеушілерге діни дәрістер беру, уағыз айту секілді игі жұмыстарды ұйымдастырып келеді.

Осы орайда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар Тараз қалалық «Тектұрмас» мешітінің имамы Алмас Кенжемолдаевпен кездесті. Сұхбат барысында діни басқарма өкілі сотталғандарға дәстүрлі мазхаб туралы толық түсінік беріп, сұрақтарына жауап берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.