Мойынқұмға газ келетін күн жақын | arainews.kz

Мойынқұмға газ келетін күн жақын

199

«Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында Мойынқұм ауданының әкімі   Мәден Мұсаевтың  қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқосуда аудан басшысы ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиында Мәден Тоқтарбайұлы Мойынқұм ауданында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарында карантин шараларының сақталуына тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, мониторинг тобымен 19 хаттама толтырылып 791 730 теңгеге айыппұл өндірілгенін жеткізді. Жалпы ауданда биыл егіс алқабын 334 гектарға артту жоспарланған болса,  5408 гектар жер толық игерілген. Көктемгі егіс дала жұмыстарына Үкімет тарапынан кепілдендірілген бағамен 390 тонна жанар-жағармай бөлініп, аудан шаруашылықтарына таратылып берілуде. Брифингте аудан әкімі мал басы жылдан-жылға артып келе жатқанымен қой санының кемігендігін жасырмады. Оның себебі, ауыл тұрғындары етті ірі-қара мен тұқымды мал шаруашылығына баса көңіл бастапты. Дегенмен малға жайлы өңірде Шопан ата түлігі соншалықты азайып кетпейді екен.

Сондай-ақ есепті мерзімде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 59 078 миллион теңге болып, нақты көлем индексі 93,4 пайызды құрапты. Шарада аудан әкімі өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 93,4 болуының себебін «Бескемпір» және «Карьерное» шахтасында құрылғылардың істен шығуы және  қажетті құрылғылардың уақытында жеткізілмеуі 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында өндірілген алтын көлемінің заттай көрсеткіші 90 келіге төмендеуі нақты көлем индексінің төмендеуіне кері әсерін тигізгендігімен түсіндірді.

Аудан әкімінің айтуынша, аудандағы шешілмей тұрған мәселелердің бірі – ауылішілік жолдар болатын. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы ауданда 21 ауылішілік жолдарды орташа жөндеу үшін 454,5 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 9 ауылішілік жолдарды жөндеуге 206,2 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы құны 426,3 миллион теңгені құрайтын «Қылышбай ауылындағы ауыз су ғимаратының және су құбыры құрылысының 2-кезеңін салу» жобасына биылғы жылға 302 миллион теңге қаражат қарастырылған.  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 52 жобаны қаржыландыруға 1387 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Аталған бағдарламадағы нысандар бойынша 462 жұмыс орындары ашылса, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 236 жұмыссыз жұмыспен қамтылатын болады, – деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Жиында аудан басшысы көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан елді мекендерге көгілдір отын тарту жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Яғни, көрші Шу ауданындағы газ стансасымен келісімге келіпті. Сол секілді аудандағы 9 ауылдық округтен арнайы жер телімдері де қарастырылып қойыпты.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.