Жаңа нысандар халыққа қызмет етуі керек | arainews.kz

Жаңа нысандар халыққа қызмет етуі керек

1 295

Облыстың  80 жылдық мерейтойына орай  ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Салтанаты жарасқан сәулетті кешенде бірнеше мәдени нысандар  орналасқан десек, оларды тиімді пайдалану – басты талап. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Жиында аталған кешендегі Руханият және тарихтану орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркем сурет галереясы, қолөнер шеберлерінің орталығы, көрме павилондарының  ағымдағы жылғы жоспарлары сараланып, олардың штаттық кестелері қаралды.

Аймақ басшысы бой көтерген нысандарды  бос тұрғызбай мақсатты түрде дұрыс пайдаланудың  маңыздылығына тоқталып, онда өтетін шаралардың тағылымдық мәніне аса мән беруді, науқандық емес күнделікті жемісті жұмыстарды жүргізіп отыру керектігін баса айтты. Айталық руханият және тарихтану орталығында рухани құндылықтарды жинақтау, жүйелеу және зерттеуді, оны насихаттау шараларын  жүйелі жүзеге асыруды тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол құндылықтар тағылымын бүгінгі өскелең  ұрпақ бойына сіңіріп, ұлтық тәрбие мектептерін қалыптастыруда негізге алудын маңыздылығына тоқталды.

Асқар Исабекұлы көне Тараздың тарихын зерделеу жұмыстарын жүйелей түсуге барынша көңіл  бөліп, өңірдің тереңде жатқан құндылықтарын аршып алуға денден бет бұру керектігіне назар аудартты. Бұл орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Археология»  факультетін ашу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Басқосу барысында тарихи дерекқор базасын құру, оны үнемі толықтыру жұмыстарын үйлестіру, ол бойынша аудандардан ұсыныстар жинақтау жайы сөз болды. Айта кетейік,  аталған музей жаңа нысанда қайта ашылғаннан бері онда 89 мыңнан аса адам бас сұғып,  тамашалаған. Жиында елімізде теңдесі жоқ көркемсурет галереясын барынша ұтымды ұқсату да жайы да жан-жақты қозғалды.

Сонымен қатар, кешендегі қолөнер шеберлері орталығының жұмысы да өз жемісін бере бастағанын айта кеткен жөн. Бүгінге дейін онда қойылған бұйымдардың  барлығы сатылып үлгерілген  десек, ол оған деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді. Жиында облыс әкімі Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтің музейін ақынның 28-ақпандағы туған күніне дейін ашуды,  ол үшін тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізуді жауапты тұлғаларға нықтап тапсырды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.