1859 сотталғандардың арасынан 966 адам жұмыспен қамтылған | arainews.kz

1859 сотталғандардың арасынан 966 адам жұмыспен қамтылған

503

Қазіргі таңда жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту басты мәселелердің бірі. Себебі, жаза басып, өмірінің біраз бөлігін темір тордың ар жағында өткізіп жатқандарды қоғамға қайта бейімдеуде «екі қолға бір күректің» табылуы аса қажет-ақ. Бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде «Кіші және орта бизнес кәсіпорындарымен еңбекпен қамтылған сотталғандардың еңбек ақыларын төлеу тәртібі мен заң талаптарына сәйкестігі» сондай-ақ «Заң талаптарындағы өзгерістер мен толықтырулар» атты тақырыпта өткен басқосу барысында дәл осы мәселелер талқыланды.
Жиынға Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Абылайхан Ильясов, сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы әділет майоры Аймен Тайтелиева және департаментке қарасты мекеме басшылары, ондағы сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға қызметкерлері және түзеу мекемелерінің аумақтарында орналасқан өндіріс обьектілерінде өз кәсіптерін ашып, сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған сондай-ақ мекеме аумағынан тыс яғни Тараз қаласында орналасқан жеке кәсіпкерліктердің 39 жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында департаменттің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы әділет майоры Аймен Тайтелиева баяндама жасап, еңбекпен қамтылған сотталғандардың қатарын көбейту, өндіріспен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы хабардар етті.
— Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдігі, облыстық, қалалық прокуратура, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалымен Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті, «Еңбек-Тараз» кәсіпорынымен бекітілген меморандум аясында бүгінгі күнге дейін бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін ҚАЖ департаментіне қарасты 5 мекеменің еңбекке жарамды 1859 сотталғандардың арасынан 966 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, «Еңбек-Таразда» — 135, ШҚО-да – 156 сонымен қатар басқа да жұмыс орындарында 636 сотталған азаматтар жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, сотталғандардың жұмыспен қамтылуын көбейту, қосымша өнеркәсіптерді тартып, үшінші тараптардың тапсырыстарының көлемін ұлғайту мақсатында ЖД-158/7 мекемесінде «Ұлы дала үміті» және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Жеңістің 74 жылдығы» атты көрмелер ұйымдастырылды, — деді А.Тайтелиева.
Баяндамашы сондай-ақ сотталғандарды сапалы еңбекпен қамтамасыз ету үшін кәсіби дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Оның айтуынша, ҚР ҚК 123 бабына сәйкес түзеу мекемелерінде кәсіби білімі (мамандығы) жоқ сотталғандарға техникалық, кәсіптік білім беру, кәсіптік даярлық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып, жүргізіліп тұрады.
— Мәселен, 2019-2020 оқу жылында ЖД-158/4 мекемесінің аумағында орналасқан №15 колледжде әртүрлі мамандықтар бойынша 390 сотталған азамат білім алуда. Атап айтқанда, ЖД-158/2 мекемесінен 105, ЖД-158/4 мекемесінен 171 сондай-ақ ЖД-158/7 мекемесінен 114 сотталған оқып жатыр. Айта кету керек, ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелеріндегі және мекеме аумағынан тыс жұмыс орындарына ең алдымен мемлекеттік және жеке талап қарыздары бар, сондай-ақ алимент төлеуге міндеттелген сотталған азаматтар тартылды. Осылайша, есепті кезеңде 25 млн 245,4 теңге талап қарыздар толығымен жабылды, — деді баяндамашы.
Бұдан кейін, ЖД-158/2,4,5,7 мекемелерінің сотталған еңбегін ұйымдастыру тобының аға қызметкерлері рет-ретімен баяндама жасады. Олар өз сөздерінде жұмысқа орналасқан сотталғандардың өнімдері уақытында дайын және сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында сотталғандардың жұмысқа шығу кестесі қатаң бақылауға алынғанын сондай-ақ жұмыс орындарындағы өрт қауіпсіздігі, коммуналдық қарыздарды өтеу, техникалық қауіпсіздік, санитарлық-гигиеналық нормалар талаптарын сақтау бойынша жұмыстардың тиісті дәрежеде орындалуына тексерістер күнделікті жүргізіліп жатқандығы туралы айтып өтті.
Кездесу соңында түзеу мекемелерінің және «Еңбек Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны облыстық филиалының басшыларына 2020 жылдың І тоқсанының соңына дейін ең төменгі айлық көрсеткіштің 50 пайызына сәйкестендіріп, яғни сотталғандардың жалақысын 22 250 теңгеге көтеруді қарастыру тапсырылды. Бұдан бөлек, түзеу мекемелерінің сотталған еңбегін ұйымдастыру тобының аға қызметкерлеріне мекемелердегі жұмыс орындарында өрт қауіпсіздігі, коммуналдық қарыздарды өтеу, техникалық қауіпсіздік бойынша жұмыстардың тиісті дәрежеде орындалуын назардан тыс қалдырмау жүктелді.

Жамбыл облысы ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.