Жастар жылы «Жамбылполитех» үшін жемісті болды | arainews.kz

Жастар жылы «Жамбылполитех» үшін жемісті болды

5 650

Жастар жылы деп жарияланған былтырғы жыл қоғам өмірінің сан түрлі саласында жүрген жастардың жан-жақты жетілуіне жол ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да отандық маман даярлау жүйесіне жауапкершілігі мол міндеттер жүктелді. Кәсіби біліктілігі бар жастарды «Дипломмен– ауылға» бағдарламасының мүмкіндігін мақсатты пайдалануға бағыттау шаралар да нәтижелі қолға алынбақ. Ең бастысы елдің ертеңі жолында арнаулы орта, жоғары оқу орындарының қабырғасында ізденісте жүрген студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көбейту бастамасы көптің көңілінен шықты.

Өз кезегінде республика аумағында осынау істерге ұйытқы болған Жастар жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде де нәтижелі қорытындыланды. Өткен жылы оқу орнында жастар форумы, белгілі қоғам қайраткерлерінің жастармен кездесуі, дебат турнирі сынды шаралар өткізілді. Жаңадан ашылған «Co working» орталығы колледж студенттерінің жаңашыл жобалармен шұғылдануына мүмкіндік алды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен бірлесе жүзеге асырған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында колледжде «РобоСтарт», «Интеллект», «БастауБизнес», «Шебер қолдар», «Ұлттық ойындар», «Жыр жазамын жүрегімнен» клубтары құрылды. Бұл шығармашылық бірлестіктер студенттердің интелектуалдық, патриоттық, кәсібилік дарындары мен таланттарын ашуға бағытталған.
Оқу орнындағы жастардың қабілетін шыңдауға бағытталған шаралар нәтижесінде студенттер де өз қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетуден аянып қалмады. Колледждің 4-курс студенті Наргиза Мамедалиева Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген «ҚР колледждерінің ТОП 100 студент» жобасының жеңімпазы атанды. Ал «Жас Ұлан» патриоттық клубының жас сарбаздары әскери клубтар арасында әскери қолданбалы спорт түрлерінен өткізілген облыстық жарыста І орынды иеленді. «Еркін ойлар алаңы» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен облыстың 80 жылдық мерейтойына орай өткен турнирде колледждің 3-курс студенті Болат Байтуреев «Үздік спикер» атанды.
Сәйкесінше халықаралық дәрежеде жетістікке жетіп жүрген жастар да баршылық. Румынияның Констанция қаласында жастар арасында қол күресінен ұйымдастырылған әлем чемпионатында 3 курс студенттері Барыш Рейсов, Бақыт Ақжігітов әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Кәсіптік білім. Бизнес.Жастар» атты ІІІ облыстық еңбек форумында колледж студенттеріне «ТаразХалвасы», «ЦентрСнабСервис», «Кереге» және Тараз металлургиялық зауыты сынды кәсіпорындардың арнайы шәкіртақылары тағайындалды.
Республикадағы арнаулы орта оқу орындары арасындағы бірегей «Жас маман» жобасына қатысушы ретінде биыл Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылмақ.
Өз кезегінде Жанар Орынбаева басқа­ратын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі биылғы Волонтерлер жылында жастардың қайырымдылық пен ізгілікке бағытталған бастамаларын қолдайды.

Талшын Байтуракова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.