Жамбыл облысында соңғы 2 жылда 24,6 шақырым жылу жүйелері ауыстырылып, жылу құбырларының тозу деңгейі 80%-дан 52%-ға төмендетілген. Сондай-ақ биыл өңірде «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 3 миллиард теңгеге 108 жоба іске асырылуда. Бұл жайында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында баян етті.
— Соңғы 2 жылда 24,6 шақырым жылу жүйелері ауыстырылып, жылу құбырларының тозу деңгейі 80%-дан 52%-ға төмендетілді. Нәтижесінде қала тұрғындары ыстық сумен жыл бойы қамтылды.
Жеке тұрғын үй құрылысына 2877 жер берілді. Электр қуатын тарта отырып, 15 алқапқа 3688 жер телімін беру қарастырылуда. Электр жүйесімен қамтамасыз етуді Пилоттық жоба негізінде жүзеге асырған жағдайда, қажет болған 5,8 млрд.теңге 3,5 есеге үнемделіп, 1,6 млрд. теңгені құрайтын болады.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы облыстың 3 аудан орталығында 3 млрд.теңгеге 108 жоба іске асырылуда. Оның 104 жобасында жөндеу жұмыстары аяқталды, ал 4 әлеуметтік нысан құрылысы 2020 жылға өтпелі, — деді облыс әкімі.