8 отбасы баспаналы болды | arainews.kz

8 отбасы баспаналы болды

781

Шу ауданында тұрғындарды жаңа үйлермен қамттамасыз ету жұмыстары жүйелі әрі қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы Шу қаласындағы «Жайсан» мөлтек ауданында 75 отбасы қоныс тойын тойласа, бұдан бөлек, соңғы бір жылда бірқатар кәсіпкер азаматтар аз қамтылған бірнеше отбасына тұрғын үй сатып алып берген болатын.

Енді міне, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов аудандағы 8 көп балалы отбасыны қабылдап, оларға жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыс етті. Ж.Әбдіғапарұлы көп балалы отбасыларды жаңа қоныстарымен құттықтап, баспананың берекелі болуын тіледі.

– Елімізде көп балалы отбасыларды қолдау шаралары ешқашан тоқтаған емес. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі қолданысқа еніп, бірқатар тұрғындардың несиелері де төленді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Міне, осы мақсатта биыл республикалық қазынадан ауданымызға 67 миллион теңге бөлінген болатын. Аталған қаржыға 8 баспана сатып алып, оны кезекте тұрған көп балалы отбасыларға тапсыруды жөн көрдік. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өніп, іші шаттық пен бақытқа толсын, — деді аудан басшысы.

Бұдан кейін әр отбасына баспана кілті салтанатты түрде табыс етілді. Айта кету керек, берілген үйлердің екеуі аудан орталығында болса, қалған 6 үй Шу қаласында орналасқан. Екі үй 5 бөлмелі болса, үш үй 4 бөлмелі, екі үй 3 бөлмелі және бір үй 6 бөлмелі екен. Өз кезегінде пәтер иесі атанған Данияр Исақов көп балалы отбасылардың атынан аудан әкіміне алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.