Есірткі бизнесіне жол берілмейді | arainews.kz

Есірткі бизнесіне жол берілмейді

167

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында есірткі бизнесіне қарсы күреске айрықша басымдық берілгені белгілі. Президент осынау көлеңкелі кәсіппен айналысып жүргендер мен ситетикалық есірткі саудасына тосқауыл қоюды сала мамандарына шегелеп тұрып тапсырды. Ал Жамбыл облысы Шу ауданында аталған індет талай жерді дендеп кеткені белгілі. Сондықтан жергілікті билік тұрғындар мен жастарды есірткіден алшақ болуға шақыратын түрлі шараларды дәстүрлі ұйымдастыруда.

Шудағы шараның ашылу салтанатында қатысушылар алдында аудан әкімі Жарылқасын Айтақов және Жамбыл облыстық полиция департаментінің штаб бастығы, полиция полковнигі Қалижан Шоңғарбаев, «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаева сөз сөйлеп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Осыдан кейін жастар қауымы түрлі жанрдағы биден құралған флешмоб тарту етті.

Көрермендер үшін ең әсерлі сәт «Дельта долина» есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлерінің арнайы үйретілген иттермен жасырынған есірткіні тауып, қылмыскерлерді құрықтаған көріністері болды.

Акция барысында оның қатысушылары көкке түрлі-түсті шарлар мен көгершіндер ұшырды. Атап өтерлігі, акцияның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан азаматтар облыстық полиция департаментінің атынан Алғыс хаттарға ие болды. Акция аяқтала салысымен Ж.Айтақов, Қ.Шоңғарбаев және басқалары аудандық полиция бөліміне жол тартып, ондағы еліміз бойынша алғаш болып ашылған фронт-офисті көріп қайтты.

Осыған орай аудандық полиция бөлімінің алдында митинг өтіп, оған ауданнан барған қонақтар мен аудандық ардагерлер кеңесі ұйымы төрағасының орынбасары Қ.Отарбаев, ішкі істер ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әуелов, «Нағыз патриоттар» ҚБ төрайымы Ғ.Әбітаева қатысып, қатысушыларды фронт-офистің ашылумен құттықтады.

Міне, осылайша шулықтар бір күнде жастарды есірткісіз болашаққа үндеген ауқымды шара өткізіп ғана қоймай, фронт-офистің лентасын қиды. Аталған офис ел үшін қызмет ете беретініне сенеміз. Және бұл орталық есірткі бизнесімен күрес бағытына қарқын қосып, көрсеткіш пен нәтиженің сан есе жақсара түсуіне септігін тигізеді деген үміт зор.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.