Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс» — деп атап көрсеткен болатын.
Қазіргі кезде осынау бағдарлама аясында еліміздің, оның ішінде Әулиеата өңірінің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұған соңғы жылдары облысмыздағы қарқынды түрде дамып келе жатқан аудандардан бірқатар мысалдар келтіруге болады. Соның айғағы – Шу ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген білім беру және спорт саласындағы нысандар. Ауданда бұл бағытта жүзеге аса бастаған жобалардың аясы мен арнасы арта түскен. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандардың басым бөлігін мектепке дейінгі білім беру мекемелері құрайды. Сондай-ақ, 2016 жылдың қазан айында Шу ауданында бой көтерген спорттық нысан – «Тарлан» спорт кешені бар. Айта кету керек, бұл облыстағы мемлекеттік-жекменшік әріптестік аясында салынған алғашқы спорт кешені. Аталмыш нысанның тұрғызылуына тікелей ұйытқы болған осы ауданның тумасы, Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Цхай. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, араға бір жыл салып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді. Ғимарат спорттық-сауықтыру блогы жəне жатақханадан тұрады. Сонымен қатар, мұнда жаттығу бөлмесімен бірге 1 бокс, 2 ауыр атлетика және 1 күрес залдары қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, кешеннің жатақханасында 25 адамға арналған жатын бөлме мен жеке асханасы және моншасы бар. Оған қоса, кешеннің ауласынан жасанды жамылғылы футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар да орын алған. Ғимаратта əкімшілік, медициналық пункт, əдістемелік, киім ауыстыру жəне жуыну бөлмелері де қарастырылған. Бүгінде мұнда 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Олар спорттың дзюдо, таеквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы 350 жасөспірімді спортқа баулуда. Одан бөлек, мұнда кешкі уақыттарда 300-ге жуық аудан тұрғындары ақылы түрде спортпен шұғылдана алады. 2016 жылы Қазақстан бокс федерациясы сенімдік басқару бойынша «Тарлан» спорт кешенін Жамбыл облысының бокс клубына өткізген болатын. Ал 2017 жылдың ақпан айында нысанды Қазақстан бокс федерациясынан «Тарлан батырлары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, «Тарлан» спорт кешені серіктестік меншігіне толықтай берілген. Міне, содан бергі бір жыл ішінде мұнда бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылып, ауылды жердегі жасөспірімдердің спортқа деген құлшыныстарын еселей түсуге зор үлес қосуда.