Тараз қаласында «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүйелі жүзеге асуда. Соның нәтижесінде әлеуметтің әлеуеті артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Бағдарлама аясында биыл 217,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, 1571 адамды жұмыспен қамту жоспарланған еді. Ағымдағы жылдың 8 айында 1305 адам қамтылып, көрсеткіш 55,8 пайызды құрады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Бағдарламаның бірінші бағыты — «Жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер және дағдыларға бейімдеу» бойынша облыстық бюджет есебінен 136,6 миллион теңге бөлініп, 960 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқу тетігі бойынша оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда сұранысқа ие 30 мамандық бойынша 987 адамның тізімі жинақталып, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 517 адам жолданыпты.
Ал, екінші бағыт бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен шағын несиелендіруге 801,0 миллион теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күні 9 азаматқа 113,9 милилон теңгенің шағын несиесі берілген.
Жалпы, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бірнеше кезеңді қамтиды. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша Тараз қаласында жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен 75,7 миллион теңге қарастырылып, 200 жас түлек тартылуы жоспарланған. Оларға төленетін айлық жалақылардың көлемі 63,1 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 323 жас маман жолданыпты. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына республикалық бюджеттен 5,3 миллион теңге бөлініп, 25 адамды қамту жоспарланса, ағымдағы жылдың басынан 31 адам жолданған.