Меркілік оқушылар қолөнерді дамытуда | arainews.kz

Меркілік оқушылар қолөнерді дамытуда

2 485

Жамбыл облысы Меркі ауданындағы «Үміт» оқушылар сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында аудан мектептерінің оқушылары арасында көркем және сәндік-қолданбалы балалар шығармашылығының «Алтын қазына» көрме-байқауы өтті. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәрбие беру және тұлғалық дамыту, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды дәріптеу, оқушылар шығармашылығының көркем және қолданбалы сәндік өнеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен байқауға жалпыға білім беретін 14 мектептің оқушылары қатысты. Байқауға қатысушылар 11 мен 14 және 15 пен 17 аралығындағы жас ерекшеліктеріне қарай бөлінді. Көрме-байқауға 5 номинация бойынша, 1 аталымнан бір жұмыстан қабылданды. Атап айтқанда, тоқыма бұйымдары: гобелен, кестелеу, батик, киіз басу, құрақ пластикасы; ағаш, сүйек, теріні көркемдеп өңдеу: көлемді және тегіс кесу, қайың қабығынан жасалған бұйымдар; шыныны көркемдеп өңдеу: витраж жасау; металды көркемдеп өңдеу: зергерлік бұйымдар, шағын формалардың мүсіні, бедер салу, соғу, саздан, тастан, сабан, шиден шағын формалардағы мүсіндер жасау бағыттары бойынша жұмыстар тіркелді. Байқауда жұмыстың көрме номинациясына сәйкестігі, жұмыстың орындалу сапасы және көркемдік деңгейі, ұлттық дәстүрлерді сақтау және қолдануы секілді өлшемдермен бағаланды. Қазылар алқасының қатаң қадағалауынан өткен жұмыстар өз деңгейіне қарай бағасын алды. Нәтижесінде, «Бас жүлде» және облыстық байқауға жолдама «Үміт» сарайының оқушылары – «Қағазды көркемдеп өңдеу» номинациясы бойынша Елдана Қазыбекова, «Батик» номинациясы бойынша Фатима Рызаева, «Шыныны көркемдеп өңдеу» номинациясы бойынша Гүлнұр Мырзахан, «Кесте» номинациясы бойынша Фатима Латифова иеленді. Ал, I орынға «Кесте» номинациясы бойынша «Өркен» шығармашылық орталығының оқушысы Аяжан Төребай, №20 мектептен «Киіз» номинациясы бойынша Виктория Шихавцова, «Ағаш» номинациясы бойынша №14 мектептен Бейбарыс Тілекұлы, «Тері» номинациясы бойынша №13 мектептен Мейірлан Мейірхан, «Тасқа сурет салу» номинациясы бойынша №35 мектептен Айман Базарбайлар лайық деп танылды. Сондай-ақ, байқау қорытындысы бойынша өзге де жүлделі орындарға ие болған өнері жастардың жұмыстары анықталып, марапатталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.