Меркі ғұрыптық кешені сақтар мен түркілер заманының куәгері | arainews.kz

Меркі ғұрыптық кешені сақтар мен түркілер заманының куәгері

2 081

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» Жамбыл облысынан енгізілген 8 нысанның бірі Меркі ғұрыптық кешені.

Меркі ауылының солтүстік шетінде орналасқан ғұрыптық кешенде сақтар мен түркілер дәуіріне жататын тас мүсіндер, жартас суреттері мен таңбаларды қамтитын көне ғұрыптық ескерткіштер бар.

Жамбыл облысы аумағында қазақ даласындағы ежелгі адамдардың мекен еткенін айғақтайтын тарихи орындар көп. Олардың кейбірі жартасқа салынған суреттер, петроглифті үңгірлер болса енді бірі ғұрыптық ескерткіштерден көрінеді. Мәселен Меркі ғұрыптық кешені сақ дәуірінен бастап, ортағасырға дейін жерлеу орны қызметін атқарған. Сандық деп аталатын шатқал маңындағы бұл кешеннен сондай-ақ обалы қорымдарды, петроглифтерді кезіктіруге болады.

Ұзақ жылдары бойы отандық тарихшылардың негізгі зерттеу нысаны болған кешен жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне де енгізілді. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, онда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жайында сөз болғанда кешен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне алды. Ғалымдар бұл кешеннен көшпенділер мәдениетіне тән жерлеу орындары мен тастардан ескі өнер туындыларын тапқан. Сондықтан бұл кешенді түрік халықтарының мол мәдени мұрасы және мемориалдық ескерткіші деп таныды. Заттай деректерден сол заманында ата-бабаларымыздың діни-наным сенімін де білуге болады. Сондай-ақ тастан қашап осынау төзімді ескерткіштер жасау аймақтағы қолөнерінің ісінің де озық үлгіде дамығанын айғақтайды. Ежелгі түріктердің таным-түсінігінде аспан мен жер, су тіршіліктің көзі деп таныған. Әрі олардың ырызығы мол болуы үшін Ұмай анаға құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан. Осыдан барып бізді қоршаған әлемдегі барлық жанды-жансыз нәрсенің рухы болады деген сенім пайда болды. Сәйкесінше өмірден өткен ата-бабаларының құрметіне арнап тас мүсіндер мен балбалдар орнатыла бастады. Ара-тұра осы орындарға тәу ете жүріп олар ата-баба қорымын қасиетті орынға айналдырды. Ғасырлар бойы бұл ғұрып өз маңызын жоймады. Осылайша бүгінгі ұрпаққа ата-бабаның тұрмыс тіршілігін, таным-түсінігін тануға мүмкіндік беретін мол тарихи жәдігерлер қалды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.