Меркі қалашығы ертедегі тарихтан сыр шертеді | arainews.kz

Меркі қалашығы ертедегі тарихтан сыр шертеді

1 214

Жамбыл жерінде тарихы ерте дәуірден басталып күні бүгінге дейін адамзат баласы мекен етіп жатқан тарихи орындар аз емес. Соның бірі және бірегейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері картасына жергілікті маңызға ие нысан ретінде енгізілген Меркі қалашығы.

Орта ғасырларда гүлденіп, кемеріне келген қалашық кейіннен моңғол шапқыншылығы тұсында жермен жексен етілген. Ал Қоқан хандығы тұсында бұл қалашық қайта қалпына келтіріліп, өңірдегі ірі басқару әкімшілік орынға айналды.

Меркі қалашығы жайындағы мәліметтер қытай, араб тарихшыларының жазбаларында көптеп кездеседі. Сюань-Цзян есімді қытай жылнамашысы Меркіні шұрайлы жер деп сипаттаса, араб жиһанкезі Убейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбек Меркіні керуен жолдары бойында үлкен елді мекен деп атаған.

Меркі қалашығына алғашқы зерттеу жұмыстарын шығыстанушы В.В.Бартольдтың экспедиясы жүргізді. Арада 40 жыл өткен соң нысанға КСРО Ғылым Академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының Жетісулық археологиялық экспедициясымен А.Н.Бернштам зерттеген.

Сондай-ақ танымал археолог Карл Байпақов та қалашықтың тарихын, оның өмір сүру кезеңдері сынды деректерді анықтауға тырысты. Мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстары 2007 жылға дейін жалғасты. Зерттеу нәтижелері Меркі қалашығының орта ғасырларда іргетасы қаланғанын дәлелдеп берді. Қала биік қамалдардың қоршауында болған. Әрі оның ішкі бөліктері де өзара қамалдармен бөлініп тұр. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл көне шаһар ежелден сауда-саттықтың жалпы экономикалық байланыстың негізгі қақпасына айналған. Сондай-ақ мұнда егіншілік, бау-бақша дақылдарын егу мәдениетімен бірге көшпелі мал шаруашылығының да озық үлгісі қалыптасқан. Меркі қалашығы маңындағы мал бағушылар Балқаш пен Мойынқұм қыстауларын қыстаған. Меркі қалашығын әртүрлі тарихи кезеңдерде сақтардан бастап түргештер, қарлұқтар,қыпшақтар, қазақтар мекен еткен. Сауда-саттықтың, қолөнермен, сәулет мәдениетінің ірі орталығы болуымен іргетасы VII ғасырда қаланған Меркі қалашығы Құлан, Баласағұн, Аспара қалашықтарымен бірге Тараз сынды үлкен қаланың дамуына әсер ете алған ірі мәдени орталыққа айналды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.