Жемқорлықпен күресті қатаңдату және осындай заң бұзушылыққа жол берген мекеме қызметкерінің басшысының жауапкершілігін күшейту мәселесі де бұрыннан қозғалып келе жатқандығы белгілі. Бұл мәселе нақты шешімін тапса, жемқорлық қылмыстың жолын кесуге үлкен серпін берері анық. Жолдауда айтылған «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады» деген пайым жалаң сөз емес, нақты жағдайларға талдау жасау арқылы жасалған болжам десек, артық айтқандық болмас. Жыл сайынғы 5 және одан да жоғары өсімге қол жеткізу еліміздің экономикасын жаңа белестерге көтерері даусыз.
Жолдауда сондай-ақ, сот, құқық қорғау органдарының соңғы кезде ізгілендіру ұранымен аса ауыр қылмыстарға деген жазаны да тым жұмсартып жібергені айтылып, зорлық-зомбылық, педофилдік, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зомбылық, браконьерлік сияқты белең алып бара жатқан заңсыздықтарға қарсы жазаны қатаңдату жайына назар аударылуы құптарлық.
М. Сантаев,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЖД-158/2 мекемесінің режим бөлімінің бастығы,
әділет капитаны