Жамбылдықтарға Президент Жолдауы түсіндірілді | arainews.kz

Жамбылдықтарға Президент Жолдауы түсіндірілді

940

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру бойынша облыстық актив жиыны өтті.

Жолдауда қамтылған маңызды бағыттарды, әлеуметтік саладағы отбасы институтын қолдау мен инклюзивті қоғам құру, білім беру, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы болуын қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қолдау жүйесінің дамуы, отандық зейнетақы жүйесін дамыту сынды өзекті мәселелерді шешу бағыттарын қарастыруды мақсат еткен жиында аталған бағыттағы тапсырмалардың жүзеге асырылуын орындауда жауапкершгілікті күшейту және нақты шаралар қабылдау қажеттігін түсіндірілді.

Идеологиялық актив жиналысына облыс әкімінің орынбасарлары, маслихат депутаттары, аудандар әкімдері, облыс әкімдігінің басқарма, аумақтық департаменттер,  құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының басшылары, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты.

Актив жиынында әуелі облыс әкімі А.Мырзахметов сөз сөйлеп, Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды. Сонымен қатар, Жолдауды облыста іске асыру бойынша негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары С.Құрманбекова жасады.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры О.Қаржауов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор М.Сарыбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Н.Еркебаев, «Жастар зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, саясаттанушы П.Мамедова, «Нұр Перизат» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Байтасов өз салалары бойынша Жолдаудың бағыттарына сәйкес тапсырмалардың жүзеге асырылуы туралы қабылданатын шаралар мен атқарылатын жұмыс жоспарларымен таныстырды.

Жиын соңында бірқатар азаматтар жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Жамбыл облысында Жолдауды түсіндіру бойынша құрамында 102 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ құрамы жасақталды. Актив жиынында ақпараттық топ мүшелерінің аудандарда халықпен кездесу кестесі таныстырылды.

Бекітілген кестеге сәйкес, топ мүшелері 6 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін облыстың 50-ден астам елді мекендеріне шығып, мекемелерде, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, кәсіпорындар мен мәдениет үйлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, іс-шараларға 15 мыңнан астам адам қамтылады деп күтілуде.

Жолдауда айтылған міндеттерді орындау бойынша облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, қажетті шаралар қабылданатын болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.