Бүгін Шу ауданында жаңа тарихи-өлкетану музей ғимараты пайдалануға берілді. Музейдің ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Ж.Айтақов, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері күйші-композитор Ә.Желдібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Байжұманұлы музейдің маңызына тоқталып, жаңа мәдени ошақтың ашылуымен құттықтады. Жас буынға тәрбие беретін ордаға айналуына тілек білдірді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 32 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, бос тұрған ғимарат сатып алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бөлінген қаржыдан 28 млн теңге шамасындағы қаржы игерілгенін айта кету керек. Жыл бойы жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталған тарихи-өлкетану музейі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімшесі ретінде жұмысын жалғастыратын болады. Аталған музей археология, этнография, тарихи кезеңдер, Шу өңірінің тарихы және Тәуелсіз Қазақстан сынды 5 бөлімнен тұрады. Жалпы 4275 жәдігер жинақталған.
Музейдің ашылу салтанатында лента қию рәсімі өтіп, ол Құрметке аудан әкімі Ж.Айтақов пен күйші-композитор Ә.Желдібаев лайық болды. Ақ жаулықты аналар шашу шашты. Ауыл ақсақалдары, мәдениет қызметкерлері, ұстаздар, жастар музей ішін аралап, экспонаттармен танысты. Алған әсерлерімен бөлісті.