Тараздық Жәнібек Жапарғали ҰБТ-дан 135 бал алды | arainews.kz

Тараздық Жәнібек Жапарғали ҰБТ-дан 135 бал алды

201

Тараз қаласындағы ұл балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының түлегі Жәнібек Жапарғали Ұлттық біріңғай тестілеуден 135 ұпай жинап, жоғары жетістікке қол жеткізді, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

11 жылдың білімі сынға түскен сынақта озат оқушы оқ бойы оза шауып, осы уақытқа дейін «Білім-Инновация» мектеп-интернатындағы ең көп балл алған оқушы атанып отыр.

Жалпы, биыл 8 813 жамбылдық түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Оның 5 916-сы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырды. Нәтижесінде, 138 балдық жоғары көрсеткішке Мойынқұм және Жуалы аудандарының оқушылары қол жеткізді. Ал, олардың 45,4 пайызы 100 балдан жоғары жинаған.

Жәнібек Жапарғалимен ұстаздары да мақтанады. Ол мектепті үздік аттестатқа тәмамдаған. Одан бөлек мектепішілік өнер додаларында да топ жарып жүріпті. Бір сөзбен айтқанда, «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы ұстанады, — дейді мектеп басшысы Жансерік Саттар.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы – мектеп бітірушілер үшін аса жауапты кезең. Жәнібек те тестілеу алаңына жүрексіне қадам басты. Ол оқу жылының басынан Ұлттық бірыңғай тестілеуге мақсатты түрде дайындалған. Соңғы дайындық барысында 133 ұпай жинаса керек. Десе де, қобалжуы басым болыпты. Сынақтың соңғы минуттарына дейін тапжылмай отырып, алдына келген сұрақтардың дұрыс жауабын белгілеумен болғанын айтады.  Үш тілде әрі жан-жақты білім алған оның алдағы арманы асқақ, талабы таудай.

Жалпы, атаулы білім ордасын биылғы оқу жылында барлығы 58 оқушы аяқтады. Олардың 6-ауы «Алтын белгі», 21-і үздік аттестат иегері. Былтыр мектеп-интернаттың ҰБТ-дағы ең жоғарғы нәтижесі — 134 ұпай болса, Жәнібек бұл көрсеткішті жаңартты. Енді оның таңдауы Халықаралық құқықтар мамандығы бойынша Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке түсіп отыр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.