Дәл бүгінде Тараз қаласы нағыз құрылыс алаңына айналды. Олай дейтініміз есепті кезеңде көне шаһарда құрылыс жұмыстарының көлемі 15 млрд.721,6 теңгені немесе нақты көлем индексі 128,3% құрап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімі Қайрат Досаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.
Өздеріңізге белгілі құрылыс инженерлік желілерден басталады. Сондықтан «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында «Барысхан» және «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқаптарында сервистік су желілері жүргізілді. Қазіргі таңда аталған алқаптарға ауыз су беру үшін су тартқыштың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал «Барысхан» алқабы бойынша Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойында су тарқыштың құрылысы жүргізілуде, аталмыш нысан 2021 жылы іске қосылатын болады (жалпы ұзындығы 10,1 шақырымды құрайды).
Бұдан басқа, «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесі мен 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2-ші және М-4-ші жылу магистральдарінің қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Аталған бағдарлама аясында «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің көпшілігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері.
Облыс әкімінің Қала құрылысы кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын, 28 саяжаймен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын және «Құмшағал» станциясын электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, орындалуға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады. Ал, «Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдарға кезең-кезеңімен ұсынылады деп жоспарлануда.
Транспорттық инфрақұрылым нысандары бойынша үстіміздегі жылы Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.