Мемлекеттік рәміздер — ұлттық құндылық | arainews.kz

Мемлекеттік рәміздер — ұлттық құндылық

165

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет еліміздің маңызды конституциялық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы: «Елімізде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұлға ретінде Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын, Әнұранын міндетті түрде құрметтеуі керек. Осы Жарлыққа сәйкес азаматтардың оны құрметтеуі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әлемге әйгілі ету және насихаттау шаралар жиынтығы негізінде тұрақты түрде жүзеге асырсын», — делінген.
Осыған орай, рәміздер күні қарсаңында Жамбыл облысы ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесінде іс-шара өтті. Аталған шараға мекеменің басшылық және жеке құрамы түгелдей қатысып, оларға Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері туралы толық мағлұмат берілді.
Жиында алғаш сөз алған мекеме бастығы әділет подполковнигі Еркін Мейрханұлы Мемлекеттік рәміздер еліміздің көпшілік азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Ол өз сөзінде қазіргі таңда еліміздің рәміздерінің мәні мен мағынасын және олардың қолданылуы, сондай-ақ мемлекеттің қалыптасуын түсіндіру жұмыстары қазақстандық отансүйгіштікті және азаматтық позицияны нығайту үрдісіндегі бірден-бір маңызды фактор екенін баса айтты.
— Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үміті, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі – болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан рәміздерді қастерлеу – азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылады, — деді Е.Кабин.
Бұдан кейін сөз алған мекеме басшының режим және күзет жұмысы жөніндегі орынбасары әділет майоры Тимур Қамбарұлы жиналғандарға Мемлекеттік рәміздер туралы, патриоттық сезімге толы баяндама жасады.

«Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992 жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды», — деді Т.Сандыбаев.

Рәміздер күніне арналған шара сақшылардың салтанатты сап түзеп өтуімен аяқталды.

Ринат Ақышев,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД

ЖД-158/1 мекемесінің кадр саясат бөлімшесінің бастығы

әділет капитаны 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.