Тұрғындар тілегі басты назарда | arainews.kz

Тұрғындар тілегі басты назарда

400

Жамбыл облысындағы әр ауданға облыс әкімінің инспекторлары бекітілгені белгілі. Ондағы мақсат – аудандардағы барлық ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, көкейлерінде жүрген түрлі мәселелерді тыңдап, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ету. Осыған байланысты, облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы А.Мұстафа Шу ауданына атбасын бұрып, аудан іргесіндегі Бірлік ауылының тұрғындарымен кездесіп, әрі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Ауданға арнайы бекітілген инспектор  ауыл әкімі Ербол Қосаховпен бірге ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесіп, олардың талап-тілегі  мен түйткілді мәселелерін тыңдады. Кездесуге келгендердің басым көпшілігі ақсақалдар болды. Себебі ауылдың жай-күйіне алаңдап, мәнді мәселелердің шешімін іздейтіндер де ауыл ақсақалдары екені белгілі. Облыстан келген қонаққа ауылдағы негізгі мәселелерді жеткізген ауыл қариялары қойылған сауалдар жауапсыз қалмасын деген талаптарын қойды. Мәселен, ауыл қариясы К.Исмаилов көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек, жер кезегіне тұру мәселесі, зейнеткерлерге жағдай жасау сынды сұрақтарды көтерсе, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Шынболатов ауылдағы бұрылыс көшелерге газ кіргізу, жағдайы төмен отбасыларды арзандатылған бағамен немесе тегін түрде газбен қамтуға көмек көрсетуге қатысты сауалын қойды. Сонымен бірге, тұрғындар ауылдық округтегі мал дәрігерінің өз міндетін дұрыс атқаруы қажет деген талаптарын да жеткізді. Ауылда қалыптасқан мәселелер мен көтерілген сұрақтарға ауыл әкімі ретінде Ербол Ахметжанұлы да жауап беруге тырысып бақты. Ал, Асхат Мейірбекұлы қозғалған сұрақтарды жазып алып, облыс басшылығына жеткізетіндігін және мәселелердің оңды шешілуіне ықпал ететіндігін атап өтті.

Айта кету керек, облыс әкімінің инспекторы тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданына бірінші рет келіп отырған жоқ. Ол бұған дейін де бірнеше ауылдық округке іс-сапармен келіп, ауылдықтардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, түрлі мәселелерді тікелей облыс басшысына жеткізуде. Бұл бір жағынан халық пен билік арасындағы байланысты оңтайландыра түссе, екінші жағынан шалғайдағы елді мекендерде қалыптасқан мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етуде. Сондықтан, әкімдік пен қарапайым халық арасындағы осындай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.