Өткен жылы Жамбыл облысында 1552 бас мал ұрланған.
Ал келтірілген шығын көлемі – 134 млн 710 мың теңге. Барымташылар қолды еткен төрт түліктің 280-і жылқы, 256-сы ірі қара болса, қалғаны ұсақ малдар. Ал биылғы жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін 12 бас мал ұрланған. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлерімен іздестіру шаралары жүргізілуде. Көп жағдайда төрт түліктің жоғалуына олардың иелерінің салғырттығы да себеп. Мәселен, 16 қаңтар күні Шу ауданында қараусыз қалған 33 бас жылқы жоғалған. Бұл оқиға бойынша полиция құрамы жедел жұмылдырылып, әзірге төртеуі ғана табылған.
Көбінесе полиция қызметкерлеріне ұрланбаған, жай ғана жоғалған малды іздеуге тура келеді. Мысалы, ағымдағы жылдың 19 қаңтарында Жуалы ауданында 268 бас жылқы жайылымнан жоғалып кетіп, оның 221-і табылып, үшеуі қасқырға жем болған, қалған жылқылар іздестірілуде, — дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.