Бүгін белгілі кітапханашы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы жерлесіміз Ғалым Адайұлы Нұрланов Шу ауданында болып, көзі әлсіз көретін жандармен, кітапханашылармен, жастармен жүздесті.
Аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен өткен бұл кездесуді аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев жүргізіп, зағип жандардың жанашыры болып жүрген Ғалым Адайұлына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыстады.
Аталған кездесуге өзінің бастауыштағы ұстазын шақырып,төрге шығарған Ғ.Нұрланов Нұрлыгүл апайына алғысын жеткізді. Сонымен қатар өзінің бүгінгі бағындырған белестерінің қалай басталғаның, нендей сындардан өткенін әңгімелеп берді. Әрі жерлестерінің осындай қошеметке бөлегеніне дән риза екенін жеткізді.
-Көзім нашар көрседе, көзімнің анық жеткен ақиқаты ол қандай қиыншылықтарға ұшырасанда төзе білу, сабырлы болу керектігі екен. Өзімнің еңбек жолыма келсем, арнайы білімім болмасада Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасына барып, директорына өзімнің ықыласымды жеткіздім. Ынтамның зор екенін байқаған басшы, штат бос емес, алайда жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 жыл келісім шарт жасасып жұмысқа ала алатынын айтты. Осылай жұмысқа орналасып, еден жуу және дүкенге барудан басқа тапсырмаларды орындауға уәде беріп, 5 бөлімнің жұмысымен танысып, брайло жазуын меңгеріп, техниканы тізгіндедім. Көп ізденіп, көп оқыдым. Ата-анамның қызмет ауыстыруна байланысты басқа қалаға көшуге тура келді. Сонымен бірге менің де келісім шартымның уақыты аяқталуға жақын болды. Директорым маған мінездеме жазып, қимай қоштасты. Жаңа мекенге келе салып бүгінде өзім басшылық жасап отырған мекемеге дипломсыз кірдім. Оған бұрынғы басшылық берген мінсіз мінездеме себеп болды-дейді Ғалым Адайұлы.
Жерлесіміз қазіргі танда Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында «Дыбыс жазу студиясы және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінде кітапханашы қызметін атқарады. Көз жанарының көруі нашарлығына қарамастан, үнемі айналасындағы адамдарға көмектесіп келеді. Соның бір дәлелі «Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесі аясында зағип және нашар көретін жандарға брайль жүйесін және компьютерге орнатылған арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттылықты тегін үйретіп келеді. 2015 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінің Брайль жүйесі бойынша «Оқу мен Жазу» номинациясында Гран-При иеленді. Сондай-ақ аталған саладағы салмақты еңбегі үшін «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған.
Кездесуде өзіне қойылған сауалдарға жауап беріп,пікір алмасқан Ғ.Нұрланов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне барып, кітапхана ұжымы және көзі нашар көретін оқырмандарға арнап тренинг өткізді.
Медет Атайбеков,
Шу аудандық «Рухани Жаңғыру» жобалық офисінің менеджері