Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтың Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі көтеріңкі рухта өтті. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповтың жыл бойы атқарған жұмыстары тұрғындардың көңілінен шықты. Есеп беру жиынына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды Б.Момышұлы ауылының әкімі К.Хайралапов ашып, жүргізіп отырды. Ол жиналыстың күн тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді ауылдың учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Нұржан Жұмалиевке берді. Учаскелік полиция инспекторы жыл қорытындысына арналған баяндама жасап, тұрғындар алдында есеп берді. Сонымен қатар, ол 2019 жылға орын алған кемшіліктерді назарға алып, жергілікті полиция қызметіне тұрғындардың сенімін арттыруға, нәтижелі жұмыс жасауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, жүктелген міндеттерді орындауға дайын екендерін жеткізді.
Учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан соң, ауыл әкімі К.Хайралапов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауқымды есептік баяндама жасады. Одан әрі тұрғындар аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен алдағы даму болжамдары туралы баяндамасын тыңдады. Баяндамада атқарылған жұмыстар кеңінен көрініс тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші сараланды.
Баяндамадан кейін жарыссөзге алғаш болып ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов шықты. Ол аудан және ауыл әкімдерінің атқарған жұмысы ел-жұрттың көз алдында өтіп жатқанын және халықтың тұрмыс сапасы мен жағдайын көтеруге бағытталғанын атап көрсете келе, өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар, К.Дәуренов аудан және ауыл әкімдеріне бірнеше ұсыныс-тілегі мен сауалын жолдады: «Ең алдымен ауыл ардагерлерін облыс орталығында өткен жылы жаңадан бой көтерген мәдени ошақтарына саяхат жасау үшін жолдама берілсе деп едім. Екіншіден, Жуалы жерінің тау тұлғасы, жазушы Шерхан Мұртазаның үйін мұражай етіп жасап, ауылдың бір көшесіне, бір мектепке атын берсек, жазушы атындағы саябақты жандандырсақ ұлт алдындағы парызымыз орындалар еді. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы ардагерлерінің сұранысымен еліміздегі айтулы мерейтойларға орай Өзбекстан Республикасы Ташкент, Бұқара, Самарқан қалаларына сапарлап қайтуға көңіл бөлсеңіз екен» деді.
Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Күлбақыт Айтқұлова халықпен тығыз байланыста екенін, әсіресе теміржолдың астыңғы бөлігінің көшелерінде тұратын тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтынын айтты. Осы орайда, аталған бөліктің тұрғындарының тілегі көп жылдары бойы көтеріліп келе жатқан Әулиебастау көшесінің жолын жөндеу мәселесін жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған Шора Искаков ауданда атқарылған жұмыстардың бірі заңсыз сауда орындарының ретке келтірілгені екенін айта келе, Б.Момышұлы ауылының шығыс бөлігіндегі бейітті қоршау керектігін ұсынды.
Есептік жиында ауыл тұрғындарының бірқатары №29 орта мектепке баратын жолдың жағдайын көтерді. Олар көше бойына оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру және мектептің жанындағы сайға өткел салу керектігін аудан және ауыл әкімдерінің назарына ұсынды.
Жиынды аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы қорыта келе, түскен сұрауқтарға нақты жауап берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Н.Ергебеков өз сөзінде ұлттық ойынды дамыту үшін Б.Момышұлы ауылынан атшабар салынатынын және ол техникалық қауіпсіздік ережесі бекітілген негізде өтетіндігін баса айтты.