Жолдаудағы тапсырмалар бюджет арқылы орындалуы тиіс — депутат | arainews.kz

Жолдаудағы тапсырмалар бюджет арқылы орындалуы тиіс — депутат

172

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған барлық тапсырмалар бюджет арқылы орындалуы тиіс. Бұл туралы Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланған Астанадағы қалалық №10 аурухананда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман атап өтті.

«Елбасы өз Жолдауында медицина саласына ерекше назар аударып отыр. Дәрігерлер үшін өзектісі — әлбетте жалақы мәселесі. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында дәрігерлердің жалақысы 2019 жылдан бастап 20 пайызға өсетінін айтты. Бүгінге дейін бюджеттің екі жобасы Мәжілісте қаралды. Біреуінде қазіргі ағымдағы бюджетті нақтыладық. Мәселе рет-ретімен шешіліп келе жатыр. Бірақ, дәрігерге бүкіл қоғам көмектесуі керек. Мысалы, мектепте отырған балаға партасы ыңғайсыз болса, ол сколиозбен ақ халаттыларға келеді. Егер сыныптың жарығы дұрыс болмаса, ол бала көз дәрігеріне келеді. Сондықтан, дәрігерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары», — дейді Мұхтар Ерман.

Депутат өз сөзінде бес жыл бойы педиатрия мәселесінде кемшілік болғанын еске алды.

«Бірақ, былтырдан бері барлық медициналық университеттердің оқу бағдарламасына педиатор мамандығын қайта қалпына келтірдік. Жұмыс осылай реттеліп келеді. Енді тағы бір мәселе — заманауи технологияларды меңгерген жастардың болуы. Бірақ, қазіргі жастардың білімі мен мүмкіндігін бағамдай келе аталмыш салада ешқандай мәселенің туындамайтынына сенім білдіруге болады», — дейді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.