Жоба аясында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты | arainews.kz

Жоба аясында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты

4 455

Бүгін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында «Бастау» жұмыс тобының медиация тәртібін қолдануы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға сот төрағасы Д.Мәуленов, судья Т.Сұлтанова, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы З.Тургынова және Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы У.Сламбекова, облыстық білім басқармасының өкілі М.Керімбеков сондай-ақ қала әкімдігінің білім бөлімінің өкілі А.Нигматуллаева қатысты.

Жиында сот төрағасы Д.Мәуленов ағымдағы жылдың 6 айында ювеналды сотпен «Бастау» жұмыс тобының тараптарына медиативтік (бітімгершілік) келісімге келтіру және ресурстық қолдау көрсету үшін кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге байланысты даулар бойынша 5 ұйғарым жібергенін және осы ұйғарымдар бойынша оң нәтижелер болмағандығын сол себепті, осы азаматтық істер бойынша сот медиациясы арқылы тараптарды сотта келісімге келтіргендігін атап өтті. Д.Мәуленов алдағы уақытта қала мен аудандардың «Бастау» жұмыс топтары оң нәтижеге қол жеткізу үшін медиативтік процедуралардың тәсілдерін қайта қарастыру қажеттігіне де тоқталды.

Ал судья Т.Сұлтанова ювеналдық сотпен әзірлеген «Бастау» жұмыс тобы жұмысының алгоритмін ұсынып, психологтардың, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының өкілдерінің медиативтік рәсімдер бойынша бірлескен тренингін өткізуге дайын екендігін жеткізді. Ол өз сөзінде «Бастау» ресурстық тобына қажетті мамандарды қосу қажеттігін ұсынды. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы З.Тұрғынова отбасылық дауларды сотқа дейін реттеу мәселелері бойынша алғашқы жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы У.Сламбекова мен облыстық білім басқармасының өкілі М.Керімбеков «Бастау» тобының жұмысы бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Шара соңында ашық диалог форматында пікір алмасқан қатысушылар өздеріне қойылған сан сауалға тұщымды жауап берді. Сонымен қатар, аталған жобаны іске асыруда және одан әрі бірлесе жұмыс атқаруда тығыз ынтымақтастықты құп көретіндіктерін жеткізді.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.