Жібек жолының жас ғалымдары жарап тұр | arainews.kz

Жібек жолының жас ғалымдары жарап тұр

179

40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласында орналасқан Жібек жолы мектеп-лицейінде қабілет пен қастерді бойына сіңіре білген 70 ұстаз еңбек етеді. Биыл өңірімізде өткен «Keleshekke – kemel bilimmen» атты облыстық тамыз кеңесінде аталмыш мектеп «Үздік қала мектебі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Дәл осы мектепте өңіріміздегі ең жас ғалымдардың оқитынын да айта кету керек.

Мәселен, Жібек жолы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Балнұр Жаңқабайдың Оңтүстік Корея мемлекетінің Тэджон қаласында өткен ғылыми байқаудан жүлдемен оралған болатын. Кореяда жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына алғаш рет қатысқан Балнұр «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» атты ғылыми жобасымен аудандық, облыстық және республикалық іріктеуден іркілмей өтіп, халықаралық байқаудың жолдамасын қанжығасына байлаған. Оның алдында ғана «Ұлы дала дарыны» атты республикалық ғылыми жоба байқауында «Үздік ғылыми жоба» номинациясын жеңген. Осы жетістіктерінің арқасында ол Оңтүстік Кореядағы кез келген медициналық академияға 50 пайыздық жеңілдікпен грант иесі атануға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, осы мектептің 3 сынып оқушысы Нұрмұхаммад Атымтай Малайзия мемлекетінің астанасы Куала-Лумпур қаласындағы «Genting lnternational Convention Centre» базасында UCMAS Академиясының ұйымдастыруымен өткен ментальды арифметика жарысында екінші орынға ие болған. Әлемнің 45 елінен келген 3000-нан аса оқушының арасынан үздік шыққан Нұрмұхаммад небәрі 8 жаста екен.

Жібек жолы мектеп-лицейіндегі жас ғалымдардың қатарын 10 сынып оқушысы Диана Мухамедова бастап тұр деуге болады. Ол алғаш рет 2014 жылы, яғни 5 сыныпта оқып жүргенде-ақ республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауына қатысып, бірінші орынды иеленген. Содан бергі бес жыл ішінде дарынды оқушы «Ақбота» интеллектуалды марафонына қатысып, тек үздік үштіктен көрініп келген. Ал, өткен жылы республикалық «Ұлы дала дарыны — 2018» байқауына өзінің ғылыми жобасымен қатысып, бас жүлдеге ие болса, еліміздегі «Skills   academy» мекемесінің «Қазақстан үміті» төсбелгісімен және Мәскеу қаласында «Дарынды бала» төсбелгісімен марапатталған.

Шулық жас ғалым биылғы жылдың өзінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген. Дәлірек айтсақ, Кіші ғылым академиясының 45-ші ғылыми-практикалық конференциясына «Қазақ фольклоры және оның тәрбиелік мәні» атты ғылыми жобасымен қатысып, қазылар алқасының алдында оны сәтті қорғай білді. Нәтижесінде, жеңімпаз атанды. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Research start 2018-2019» оқушылардың зерттеу жұмыстары конурсына «Шу қаласының экологиясын жақсарту» атты ғылыми жобасымен қатысып, екінші орыннан көрінді. Бұның бәрі 17 жастағы оқушы үшін үлкен жетістік екені даусыз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.